423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда тұрғындар ауладағы көп қабатты үйдің құрылысына қарсы

  • 119
  • UPD: 08:12, 14.08.2020

«Аулаға шығып, таза ауа жұтуға зар болдық», дейді Алматы тұрғындары.

Себебі, төрт көшенің қиылысында орналасқан тоғыз үйдің ауласына тағы бір ғимарат салынып жатыр. Жаңа үйдің құрылысы үшін ауладағы жасыл-желек қырқылып, қоқыс төгетін де орын қалмаған.

Алуа Маханбет, тілші:

- Даудың басы Досмұхамедов көшесіндегі мына құрылыстан басталған. Ахмет Байтұрсынұлы мен Гоголь және Хәлел Досмұхамедов пен Әйтеке би көшелерінің қиылысында 9 үй бар. Ал, мына ғимарат дәл сол ауланың ортасынан бой көтеріп жатыр.

Салтанат Қасымова, қала тұрғыны:

- Бұл жеріміз кәдімгідей үлкен, кең, жасыл желеңдер толып жатқан жер болатын. Балаларымыз емін-еркін ары-бері жүретін. Бірақ құрылыс басталғалы көріп тұрсыз, мына жердің бәрін тарылтып тастады. Балаларымыз жүре алмайды. Және де ағаштарымыздан 23 түп ағаш кесілді бұл жерде.

Бұрын бұл жерде айналасы ағашқа толы, көліктерге техникалық қызмет көрсету станциясы болған. Енді қазір 55 пәтерлі, үш кіреберісі бар, 5 қабатты үй бой көтермек. Нысанның паспортына қарасақ, паркингі және мансардасы бар үйдің көлемі 6 сотық жерден сәл-ақ асады. Бірақ қоршалған жер әлдеқайда үлкен. Міне, сондықтан ауладағы 9 үйге тиесілі екі қоқыс алаңының бірі жойылып, аулаға ауыр көлік түгілі, жеңіл көліктің кіріп-шығуы қиын.

Топаргүл Түстікбаева, қала тұрғыны:

- Өздеріне тиісті нормадан артық жерді алып, барлығын қоршап, бізді қысып, жаман қоқыстарды жақындатып қойды біздің үйге. Демалуға өте ауыр. Және де мына екі үйдің ортасында бұрын ашық болатын. Жақсы, жел соғып тұратын. Қазір жауып тастады. Ешқандай жел жоқ. Тиісті жерді ашпай отыр. Жаяу адам жүретін жерді.

Онсыз да Алатаудың самалын аңсап отырған тұрғындар осыдан 4 жыл бұрын былай тұмшаланған екен. Енді, міне, есік алдындағы мына құрылыс та ауаны тарылтып, балаларға үлкен қауіп төндіріп тұр. Себебі, құрылыс алаңындағы мына кран тура балалар алаңының үстімен айналады. Ал, тепе-теңдік үшін бекітілген бетон ешкімнің басына құлап кетпесіне кім кепіл?

Жанбота Серікқызы, қала тұрғыны:

- Мен қазір балаларды тіпті жалғыз шығаруға да қорқамын. Мына жоғары жақта бетондар құйып, жанағы крандар айналып тұрады. Өте қауіпті деп ойлаймын балаларға. Міне, мына машинаны көріп тұрсыздар қазір. Өте қауіпті, мына жақтан өзіміз де жүруге қорқамыз. Коляскамен шығу өте қиын.

Аула тұрғындары осы мәселенің барлығын көтеріп, құзырлы органдарға талай рет арызданған екен. Соның нәтижесі болар, кеше бұл аулаға қала әкімінің орынбасары мен құрылысқа рұқсат берген  мекеменің өкілдері келіп, тұрғындармен кездесіпті. Бірақ шенеуіктер құрылыстың заңды екенін айтып ақталуда.

Архат Омаров, Алмалы ауданы әкімінің орынбасары:

- 6 соток, бәрінің мемлекеттік актісі бар, қоршалғаны бар, 10 соток қоршалған. 12 соток деп айта алмаймын, 10 соток жер қоршалған. Ол ертең құрылыс біткеннен кейін, ол жердің қоршауы алынады, тегін алады. Сол берілген жерге үйдің өзі отырады, құрылыс сол жерде ғана болады. Қалған жердің бәрі бұл балалар ойнайтын алаң, автокөліктер қойылатын алаң болады.

Әдетте, мұндай жағдайда құрылыс компаниясы сол ауланың ескі үйлерінің қасбетін жөндеп, ауланы жаңартуға атсалысады. Бірақ тұрғындар «мұндай келісімге қарсымыз», дейді.

Авторлары: Алуа Маханбет, Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы