428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында жарты миллион гектарға жуық егіс алқабы күйіп кетті

  • 241
  • UPD: 09:17, 14.08.2020

Қостанай облысында егін оратын кезең таяп қалды. Бірақ шаруаларды астық шығыны алаңдатып отыр. Жаз бойғы аптап ыстықтан 500 мың гектардай танап күйіп кеткен. Өңірдің ауыл шаруашылық басқармасы биылғы нәтиже көңіл көншітпейтінін айтады. «Қамысты ауданының диқандары да қамбаларын толтыра алмаймыз» деп алаңдайды.

Анатолий Шуц үшін машина-трактор паркінде дамыл жоқ. Механизатор келер аптада осы комбайнмен алқап басына шығады. Техника тоқтаусыз мыңдаған гектар жерді орады. Сол себепті оның тас түйін дайын болуы маңызды. 

Анатолий Шуц, механизатор:  

- Комбайным жаңа, қуаты да күшті. Майын құйып, бұрайтын жерлерін бұрап қою жұмыстары қалды. Науқан ұзаққа созылады. Міндетіміз алқаптағы бидайды төкпей-шашпай жинап алу. 

Былтырғы қуаңшылықтың зардабынан өңір диқандары әлі айыққан жоқ. Мол шығын техниканы жеткілікті көлемде жаңартып, несиені уақытылы өтеуге кедергі келтірді. Осы жаз да айтарлықтай жаңбырлы бола қоймады. Бірақ шаруалар орташа өнім алудан үміт үзбей келеді.

Төремұрат Өтепов, шаруа:

- Ауа райы деген қайнап, ысып кеткенде 40-45 градусқа дейін барып қалды ғой. Сондықтан шығынданып қалдық. Бірақ соңғы жауындар шамалы көмек берді. Әсіресе мынау соңғы сепкен егістерге. 20-25 пайыз егістеріміз қиналып қалды.

Қамысты ауданында дәнді дақылдар биыл 315 мың гектар жерге егілді. Гектарынан ең жоғары шығымдылық орташа есеппен 10 центнерден асатын. Ал өткен жылы көрсеткіш бес есе төмен болған. 

Сәкен Сейдалин, Қамысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Биыл тұқым қорын 6 процентке жаңарттық. Ыстыққа шыдайтын сорттарды егуге мән бердік. Егер құрғақшылыққа төтеп беретін технологияны дамытпасақ, онда жылда шығынға батамыз.

Мамандардың айтуынша, тығырықтан шығудың тағы бір тиімді жолы – сақтандыру. Биыл облыс бойынша небәрі 3 шаруашылық құрылымы алқаптарын құрғақшылықтан сақтандырды. Зардап шеккен аумақтары үшін олар енді 10 миллион теңгеге жуық ақы алады.

Жансұлтан Таукенов, Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Келер жылы сақтандыру жүйесіне қатысушыларды көптеп тартуымыз керек. Оның артықшылығы көп. Күйіп кеткен егіннің жартысын мемлекет өтейді. Тәжірибе көрсеткендей, құрғақшылық жылда қайталанып жатыр.

Күзгі дала жұмыстары кезінде диқандар 4,5 млн гектарға жуық алқаптан өнім алады. Қазірдің өзінде сыйымдылығы 8 млн тоннадан асатын астық қабылдау кәсіпорындары дайын тұр. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы