423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысының тұрғындары интернет мәселесін өз күшімен шешуге кіріскен

  • 217
  • UPD: 21:07, 14.08.2020

Алматы облысы Кербұлақ ауданындағы 52 мектептің басым бөлігі оқушыларды қалыпты жағдайда оқыта бастайды.

Өйткені шалғай елді мекендерде бала саны аз. Сондықтан санитарлық талаптарды сақтай отырып білім беруге болады. Тағы бір себеп – ауылдарда интернет нашар. Осы ғаламторға қатысты мәселені Беріктас ауылының тұрғындары өз күшімен шешуге кіріскен. Қалқайтып мұнара да орнатып қойыпты. Бірақ құжат жағы қолбайлау болып тұр.

Қашықтан оқудың қиындығын Мақсат Мұхамолдаев бір кісідей біледі. Өйткені ол тұратын Беріктас ауылында интернет байланысы нашар. Жоғарғы оқу орнының студенті бірінші курсты Көксу өзенінің жағасына барып жүріп бітірді. 

Мақсат Мұхамолдаев, студент:

– Бір көлікке 6-7 адамнан отырып баратын кездер болды. Жаңбыр, жел болады. Интернет тартпайды. Н+ ұстап тұрады. Конференцияларға кіре алмаймыз. Тек қана WhatsApp-пен ғана. Біздің өтініш қыркүйекке дейін интернет тартып берсе.

Интернет мәселесі өз шешімін таппаса, елді мекендегі 20 шақты студенттің тағы да байланыс ұстайтын жерге барып білім алуына тура келеді. Ал ауылдағы 84 оқушы өткен оқу жылындағыдай әуре-сарсаңға түспейді. Олар қалыпты жағдайда оқытылатын болады. 

Мадина Шаяхмет, Беріктас орта мектебінің директоры:

– Жаңа оқу жылын штаттық режимде оқимыз деп жоспарлап отырмыз. Өйткені ауылымызда интернет желісі нашар. Ал мектебімізде интернет бар. Ол бір компьютерде. Жылдамдығы – секундына 4 мегабит. Поштамен жұмыс істеуге мүмкіндігіміз бар. Басқа видеоларды жүктеп алуға мүмкіндік жоқ. Біздің мектепке әр сыныпта көп дегенде 11 оқушы ғана. Сыныптардың көлемі кең, араларын бір жарым метр қылуға мүмкіндік бар.

Жастардың қамын ойлаған қариялардың бастамасымен ауылда 21 метрлік мұнара тұрғызылған. Құрастыру жұмыстары аяқталғанымен, құжаттама мәселесі қиындау болып тұр. 

Найманбай Бұлдыбаев, Беріктас ауылының  тұрғыны:

– Балалардың қамы. Біз сияқты шалдар қайтсін бұны. Бұны балалар мамыр айында бастаған. Бір ай бұрын бітірген. Енді қосуы ғана қалды. Қосып берсе, мектеп оқушылары бар, студент балаларымыз бар, бәрі үйде оқиды ғой.

Бақытжан Әлип, Беріктас ауыл тұрғыны:

– Ауылдың қариялары, жеке кәсіпкерлер бар. Кейбіріміз ақшалай, техника, материал жағынан көмектесіп, өзіміз орнаттық. Оқушылар мен студенттер үшін. Осыны тезірек орнатып берсе, мына оқу жылының басталуына бір айға жетер-жетпес уақыт қалды.

Әлия Бақтиярова, Көксу ауылдық округінің әкімі:

– Құжаттар бойынша жұмыстарын жасадық . Енді бағалау құнын анықтап, мекеменің балансына алып, келісімшарт жасау керек. Аз қалды. Көбін өттік. Менің ойымша, 20 күн қалды. 

Жаңа оқу жылында Кербұлақ ауданындағы 33 мектеп қалыпты жағдайда білім бере бастайды. Қазір мекемелерді санитарлық талапқа сай жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ермек Досалбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Барлық 52 мектепке туннельдер орнатылады. Бактерияға қарсы жарықшам алынып беріледі. Тепловизорлар, кілемшелер орнатылады. Қазір 19 мектепке қойдық. Штаттық режимде оқитын 33 мектеп, ондағы бала саны – 2004. Қалған 19 мектептің бесеуіндегі балалар интернет арқылы оқиды. Бала саны – 2728, телевидение арқылы оқитын 14 мектеп бар.

Бірінші қыркүйекте Алматы облысындағы 140 мектеп оқушыларды   қабылдайды. Олар бекітілген санитарлық қаулыға сәйкес қалыпты жағдайда жұмыс істейтін болады. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы