423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БЖК: 10 жылда 16 мыңнан аса жоба қаржыландырылды

  • 254
  • UPD: 22:29, 14.08.2020

Соңғы он жылда елде «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 триллион 800 млрд теңгеге 16 мың 300-ден аса жоба қаржыландырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

2025 жылға дейін ұзартылған бұл бағдарламаның талаптары біршама жеңілдетілген. Салалық шектеулер жойылды. Кәсіпкерлерге арналған мөлшерлеме 6 процент болып бекітілді. Субсидияланатын несие құны 2,5 миллиардтан 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылды.

Бұл – бас қаладағы «Үміт» деп аталатын томотерапия және ядролық медицина орталығы. Бұл жерде қатерлі ісікке шалдыққандар ем алады. Кешенде «сәулелі емдеу» аппараты бар. Мұндай екі қондырғыны алуға «Бәйтерек» холдингінің «Даму қоры» қаржылай көмек көрсеткен. Бизнестің жол картасы аясында субсидияланған мыңдаған жобаның бірі осы.

Ержан Шаяхметов, «Үміт» томотерапия және ядролық медицина ауруханасы кешенінің директоры:

– Қазақстанда мұндай аппарат жоқ. Бізде ғана. Екі аппарат бар. Әсері өте жақсы. 60-тан 95 процентке дейін ісіктің белгілері жойылады.

Міне, «Бизнестің жол картасы» аясында алынған аппараттың қатерлі ісікті жоюдағы рөлі орасан. Жалпы, жылдан-жылға «Бәйтерек холдингі» мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайтып келеді. Мұны арнайы брифинг кезінде басқарма төрағасының орынбасары айтты.

Рустам Қарағойшин, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

– 2018 жылы 173 млрд теңгенің 1400-ден аса жобасы, ал 2019 жылы 154 млрд теңгенің 2402 жобасы мемлекеттік қолдауға ие болды. Жыл сайын бағдарлама аясында бизнесті дамытуға арналған қаржы көлемі ұлғайып келеді. Әсіресе қайта өңдеу саласындағы жобалардың саны артуда.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің» алдында тұрған міндет – кәсіпкерлер қатарын көбейту. Қазір елдің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 30,8 процент. Ал бұл көрсеткішті холдинг 2025 жылға қарай 35 процентке дейін ұлғайтуды көздеп отыр.

Авторлары: Қорған Төреқожа, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы