424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде жазасын өтеушілер індеттен қорғайтын костюмдер тігіп жатыр

  • 284
  • UPD: 10:27, 15.08.2020

Семейдегі ОВ 156/14 түзеу мекемесіндегі сотталғандар еліміздегі індетке қарсы күрес шараларына үлес қосып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін 70 мыңға жуық бетперде тігіп, оны халыққа таратып берсе, енді жеке қорғану комбинезондары шығарылуда. Әзірге мұндай жиынтықтың 400 бірлігін тігу жоспарланған. Тапсырыс көп түссе, өнім көлемі ұлғаяды.

Тігін цехында қазір 16 жазасын өтеуші еңбек етіп жатыр. Олар індет кезіндегі маңызды қорғаныс құралын тігумен айналысқалы көп болған жоқ. Дегенмен, жұмыстары ширақ, күніне әрқайсысы 5-6 костюмнен тігеді екен.

Қайрат Сұлтанбеков, жазасын өтеуші:

- Жабылады, киіледі. Жеңдерінің бәрінде резеңке, балағында да резеңке. Мына бахилды бауымен қысып, байлаған. Ешқандай ішіне вирустар кірмеу мақсатында. Өзін сақтау үшін, басқа елдерді де сақтандыру үшін осындай киім тігіп жатырмыз. Қосымша қазір мынандай материалдар алып келді, тапсырыстар бойынша тігіледі. Бірінші келген тапсырыс 146 болатын, оны тігіп бітірдік.

Барынша қатаң түрдегі жазасын өтеу мекемесі 2 жыл бұрын ашылған. Мұнда қазір 300-ден астам сотталушы бар. Олар негізінен бұрын сот және құқық қорғау саласында қызмет еткендер. 200-ден астамы осындағы 13 кәсіпорында еңбек етіп, нәпақа табуда.

Айдын Қалелов, ОВ-156/14 мекемесінің басшысының орынбасары:

- Карантин кезінде біздің мекемеде 70 мыңға жуық бетперде тігілді. Қазір қорғаныс комбинезондарын тігіп жатырмыз. 400 костюмге тапсырыс түскен. Пандемия әлем халқының басына түскен ауыртпашылық. Сондықтан бұл індетпен күресте біздің мекеме де сырт қалмай, ортақ мақсатқа күш біріктіріп жатыр.

Жазасын өтеушілер қайырымдылық шараларынан да қалыс қалған емес. Осыған дейін мұндай 3 акция өтіпті. Осындағы кәсіпорындарда шығарылатын  өнімдер қаладағы жетімдер және қарттар үйіне жөнелтілді. Қол жууға арналған заттар мен бетперделер әлеуметтік мекемелерге тегін таратылды. Болашақта тағы бірнеше кәсіпорын ашу көзделіп отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы