420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда мұржа тазалау қызметіне сұраныс артты

  • 312
  • UPD: 22:15, 15.08.2020

Биыл елордада 300-ге жуық өрт оқиғасы тіркелді. Оның жартысынан көбі жекеменшік тұрғын үйлерде болған. Мамандар алдағы қыс кезінде де қауіптің арта түспесе кемімейтінін айтады. Әсіресе пеш жағатындар абай болған жөн.

Осы күні елордада мұржа тазалаушыларға деген сұраныс артып тұр. Жеке сектор тарапынан шақыртулар көп. Қысқа қазірден қамданған жұрт Ерлан Болат секілді мұржа тазалаушыларды іздейді. Олардың да жұмысы қауырт қазір.

Ерлан Болат, мұржа тазалаушы:

- Біз бұрын ауылда тұрғанда осындай қазақы пеш болған. Әрдайым бықсиды. Әкем оны тазалайды. Сосын аппарат шыққасын күшті екен деп шықтым. Алғашында қорқасың, үйреніп кетесің.

Жеке үйлерде тұратын мұқтаж жандарға да көмек керек. Пештің мұржасын өздігінен тазалауға көбінің шамасы келе бермейді. Осыны ескерген қалалық төтенше жағдайлар қызметінің мамандары үй-үйді аралап, өрттің және улану жағдайларының алдын алуға тырысады. Жылыту маусымы қарсаңында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың пешін көріп, өрт дабылын да тегін орнатып беріп жатыр.

Людмила Стрижак, қала тұрғыны:

- Пештің сиқы мынау. Біз көшіп келгенде осындай күйде болды. Жаздыгүні оған от жағып, үйді жылытып көрмедік. Арнайы мамандар келіп, көмектерін көрсетіп жүр. Үш балам бар. Солардың қауіпсіздігіне енді алаңдамайтын болдым.

Жыл басталғалы елордада 300-ден астам өрт оқиғасы тіркелді. Оның тең жартысы тұрғын үйлерде болған. 12 адам тілсіз жаудың құрбанына айналды.

Бауыржан Сыздықов, қалалық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:

- Былтыр 12 адам өрттен қайтыс болды. Солардың 5-еуі өздері ішкілік ішіп, сондай жағдайға душар болып отыр. Өрт қауіпсіздігі қалай бұзылады десек, жылыту пештерін дұрыс қолданбау, екінші масаң адамдардың қауіпсіздікті сақтамау, үшінші электр сымдарын дұрыс пайдаланбаудан болады.

Былтыр осындай рейд кезінде өрт қауіпсіздігі ережесін бұзудың 18 мың дерегі тіркелген еді. Мамандар көбіне жеке секторда талап орындала бермейтінін айтады. Сондықтан тұрғындардың өрттің алдын алу шараларына бей-жай қарамауын ескертеді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Вероника Боярова, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы