425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында биыл 23 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілді

  • 226
  • UPD: 20:07, 16.08.2020
Алматы облысында биыл 23 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілді

Қосағаш ауылындағы 80 орындық мектеп құрылысы өткен жылы тоқтап қалған еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселеге біздің арна тілшілері араласып, жұмыс жалғасын тапты. Мердігер мекеме өкілдері ғимаратты енді жаңа оқу жылына дейін бітіріп бермек.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қараша айында Қосағаш ауылындағы мектептің жай-күйі осындай болатын. Наурызда берілуі тиіс ғимараттың мерзімінен кешіктіріліп жатқаны жайлы сюжет түсіріліп, мәселе көтерілгеннен кейін құрылыс қайта жанданды.

Содан бері мердігер мекеме өкілдері жұмыстың басым бөлігін аяқтаған. Қалғанын жаңа оқу жылына дейін бітіруге күш салып жатыр.

Ербол Тәжібаев, мердігер мекеме өкілі:

- 80 адам жұмыс істеп жатыр. Тағы 25 адам күтіп отырмыз. Бітіруге 15% жұмыстар қалды. Бірінші қыркүейекке дейін оқушыларымыз кіріп оқиды деген ойымыз бар.

Ал, Талдыбұлақ ауылындағы мына мектеп 1989 жылы салына бастаған. Алайда, тоқсаныншы жылдардың тоқырауында жұмыс тоқтап, іс аяқсыз қалған. Екі мыңыншы жылы ел-жұрт қолда бар құрылыс заттарымен білім ордасын бітіріп алыпты. Жиырма жыл бойы қызмет көрсеткен нысан қазір сейсмикалық тұрғыда нығайтылып, жаңартылып жатыр.

Болат Асанов, Талдыбұлақ ауылдық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы:

- Балаларды әкеп жүргенде мектептің тозғанын, жылу жүйелерінің дұрыс істемейтінін, есік-терезелерде саңлау бар екенін, мектептің ішкі жөндеу жұмыстары қажет екенін байқайтынбыз. 20-сы жөндеу біткеннен кейін балаларымызға қуаныш сыйлап, жаңа, жарық мектепте жаңа технологиямен жабдықталған мектепте оқиды ғой деймін.

Райгүл Доспанбетова, Талдыбұлақ ауылының тұрғыны:

- Бұған ауыл болып өте қуаныштымыз. Мектебіміздің толық заман талабына сай, жөндеуден өтіп, қазіргі заманға сай жабдықталып, қала балаларынан кем болмаса екен деп ойлаймыз.

Биыл Кербұлақ ауданындағы 4 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біреуі жаңадан салынса, қалғандары күрделі жөндеуден өткізілуде. Саладағылар келесі жылы да бірнеше білім ордасын жаңартып алуды жоспарлап отыр.

Ермек Досалбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Болашақта үш-төрт мектептен мысалы Тастыөзектегі жаңа мектептің құрылысына, жобалық-сметалық құжттамасына ақша сұрап отырмыз, Көксай мектебі мен Көксу, Қоғалы мектептерін күрделі жөндеу жүргізсек деп жоспарлап отырмыз.

Алматы облысында биыл 23 мектепте құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осы оқу орнының оқушылары енді жаңартылған ғимаратта білім алады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы