427,82 518.00 5.92
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан бақыттылық деңгейі бойынша рейтингте 50-орында тұр

  • 430
  • UPD: 10:09, 17.08.2020
Қазақстан бақыттылық деңгейі бойынша рейтингте 50-орында тұр

Жыл сайын ҚР Статистика комитеті тұрғындар арасында «Халықтың өмір сүру сапасы» сауалнамасын жүргізеді.

Зерттеу нәтижелері бойынша респонденттердің 63,5% өз өмірлеріне қанағаттанады, ал ауыл тұрғындарының басым бөлігі (72,6%) қала тұрғындарына (58,4%) қарағанда өз өмірлеріне анағұрлым разы. Сонымен қатар респонденттердің ішінде әйелдерге (58,5%) қарағанда ерлер (61,8%) бақытты екендігі анықталды, деп жазды finprom.kz.

Еске салсақ, сауалнама бойынша 2019 жылы респонденттердің өмірлеріне қанағаттану деңгейі 60%, 2018 жылы 56,5% құрады.

2020 жылғы бақыттылық деңгейі бойынша дүниежүзілік рейтингте (World Happiness Report) Қазақстан 10 сатыға көтеріліп, 153 елдің ішінде 50 орынды иемденді. Сонымен бірге, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында бірінші орынға ие болды: одан кейін Ресей (73 орын), Қырғызстан (74 орын), Беларусь (75 орын), Армения (116 орын).

Бүкіләлемдік бақыттылық деңгейі бойынша рейтинг – бұл әлем елдеріндегі тұрғындардың бақытты болу көрсеткішін өлшейтін халықаралық зерттеу жобасы. Онда халықтың әл-ауқаты, өмір сүру ұзақтығы, азаматтық бостандықтарының болуы, қауіпсіздік пен болашаққа деген сенімділік, отбасылық тұрақтылық, жұмыс қауіпсіздігі, сыбайлас жемқорлық деңгейі, сондай-ақ қоғам жағдайының жанама көрсеткіштері ескеріледі.

Рейтинг бойынша Финляндияда ең бақытты адамдар тұрады. Бақыттылық деңгейі бойынша алғашқы он елдің қатарына Дания, Швейцария, Исландия, Норвегия, Нидерланд, Швеция, Жаңа Зеландия, Австрия және Люксембург кіреді. Ал Зимбабведе, Оңтүстік Суданда және Ауғанстанда көбінесе бақытсыз адамдар тұратын болып шықты.

Хабар 24 телеарнасы