432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алтын өндіруші компаниядан бірқатар заңбұзушылық анықталды

  • 281
  • UPD: 14:36, 17.08.2020
Алтын өндіруші компаниядан бірқатар заңбұзушылық анықталды

ҚР ЭГТРМ тұрғындардың шағымы бойынша Ақмола облысы Степногорск қаласының іргесіндегі Бестөбе және Ақсу кеніштерінде алтын өндірумен айналысатын компаниялар тобын тексеріп, бірқатар заңбұзушылық анықтады. 

Бұған дейін ауыл тұрғындары лас ауамен тыныстап, шаңның ортасында қалып отырғандарын айтып Бестөбе және Ақсу кеніштерінің жұмысына шағымданған. Тексеру барысында желді күндері Бестөбе, Ақсу және Заводское ауылдарын шынымен де шаң басатыны расталды, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ ауыл іргесінде министрлікті мемлекеттік экологиялық қорытындысыз қалдықтарды сақтау орнын және фабрика құрылысының басталғаны анықталды. Тұрғындардың сөзінше, «Алтын алмас» компаниялар тобына қарасты «Аqsu technology» компаниясы бұл екі нысанды тұрғындардың келісімінсіз салып алған.

Ал алтын өндіруші компания өкілдері мұндай қадамға қалдықтарды сақтайтын орын қалмағандықтан барғандарын айтуда. Қазір министрлік өкілдері құрылыс жұмыстарын тоқтатып, кәсіпорынды жауапкершілікке тартты.

ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің өкілдері компания басшыларына шұғыл арада қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алуды талап етті. Егер жергілікті тұрғындар кеніштің жұмыс істеуіне келісімін бермесе, мемлекеттік экологиялық қорытындының оң нәтижесі берілмейтінін ескертті.

«Компания қайтадан қоғамдық тыңдау өткізіп, халықтың келісімін алып, тиісті құжаттарын заңдастырғанда ғана құрылысын жалғастыра алады», - деді Экологиялық реттеу және қадағалау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов.

Өз кезегінде алтын өндіруші компания өкілдері халықтың алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктерін орындап, ескі қалдықтарды сақтау орындарын рекультивациялауға және бірінші кезекте осы ауылдың тұрғындарын жұмысқа қабылдауға әзір екендіктерін мәлімдеп отыр.

Хабар 24 телеарнасы