420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өңірлерде карантиндік шектеулер жеңілдеді

  • 116
  • UPD: 21:47, 17.08.2020

Карантиндік шектеулер жеңілдеген соң аймақтарда да қоғамдық көлік жүре бастады.

Сауда орындары қайта ашылды. Мейрамханалар мен дәмханалар кешкі 23:00-ге дейін жұмыс істейді. Басты талап – санитарлық норманы сақтау. Оған қоса келушілер саны 30 адамнан аспауы тиіс.

Атырауда соңғы тәулікте вирус жұқтырған 10 адам тіркелген. Яғни күн санап азайып, эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастады. Қалада қоғамдық көлік қатынасы реттелді. Ірі сауда-ойын сауық орталықтары ашылып, сұлулық салондары алдын ала жазылу бойынша жұмысын бастады. Саябақтарда серуендеуге тыйым салынбайды. Дегенмен сенбі-жексенбі күндері қозғалысқа шектеу қойылады.

Ал Ақтауда бас санитарлық дәрігердің қаулысымен бизнес нысандары жұмысын бастады. Олар дайындықтары туралы құжатты электронды формат арқылы алды. Базарлар кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда да демалыс күндері шектеу шаралары қайта күшейеді.

Нұрбек Қарасаев, өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Кез келген уақытта мониторингтік топ рұқсат берілгеннен кейін де тексеріп, нысан сәйкес келмейтін болса, оны ары қарай жауып тастауға құқы бар. Оны біз, «Атамекен» палатасы тұтас қолдап отырмыз. Себебі бизнестің де жауапкершілігі болуы тиіс. Ар жағында адамдардың өмірі, қауіпсіздігі тұрғандықтан, осындай бағытты ұстанып отырмыз.

Қарағандыда шектеулер жеңілдеді. Бұл өңір екінші толқын бола қалса деп дайындық жұмыстарына кіріскен. Инфекциялық аурухана салынып, жабдықталып жатыр. Жұмысын бастаған нысандарға маскасыз кіруге болмайды. Жеңілдік тек жұмыс күндері жасалады. Демалыста қайта күшіне енеді.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Індетті анықтауға арналған тестілеу көлемі 6 есе өсті. Бұл көрсеткіш бойынша біз елде бірінші орындамыз. Сондай-ақ барлық қалада ПТР-зертхзана ашылды. Оның қуаты 4,5 мыңнан асады. Төсек-орын жүктемесі 16 процентке дейін азайды. Бұл республикалық деңгейден 10 процентке төмен. 

Ертіс өңірінде карантиндік шаралар кезең-кезеңмен жеңілдеп жатыр. Шағын және орта бизнес нысандары, мектепке дейінгі білім беру мекемелері біртіндеп жұмысына кірісті. 850 сұлулық салоны мен 72 балабақша, 32 сауда нысаны мен 400-ге жуық тамақтану орны ашылады. Барлық жерде санитарлық талап сақталуы тиіс.

Ержан Иманслям, Павлодар қаласының әкімі:

– Адам көп жиналмайтын жағдайда типографиялар, шағын кәсіпкерлік нысандары, зергерлік салондар жұмыстарын бастайды. Азық-түлік дүкендері енді кешкі 22:00-ге дейін ашық болады. Олардың барлығы сақтық шараларын сақтаулары шарт. Демалыс күндері қоғамдық көліктер жұмысын тоқтатып отырғандары белгілі. Көліктік компаниялар шығынға батқандықтан, оларды субсидиялау мәселесі қарастырылуда.

Ал Алматыда 200 мыңнан астам адам жұмысқа шығады. Дегенмен мамандар әлі де босаңсуға болмайтынын ескертеді. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің шектеу шараларын кезең-кезеңмен жеңілдету туралы қаулысы шықты. Дегенмен мәдениет ошақтары мен діни нысандардың ашылуына әлі де рұқсат жоқ. Медеу, Шымбұлақ және Бутаковка секілді таулы аймақтарға көлікпен кіруге болмайды. Жаяу жүргіншілерге жұмыс күндері ғана серуендеуге рұқсат.

Нариман Әбілшайықов, қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры:

– Бүгінгі күннен бастап қаламыздың 51 мың кәсіпкері өз жұмысын жандандырады. Бұларда істейтін адамның саны 200 мыңнан асып отыр. Бұл көбінесе біздің қаламыздың сауда орталықтары, базарлары бар дейміз.

Карантиндік шаралар жеңілдегеннен кейін Талдықорғанда да тіршілік қайта жандады. Қоғамдық көлік күні бойы жүреді. Күніне 180 автобус желіге шығып, 100 мыңнан астам жолаушыны тасымалдайды. Дегенмен автобус ішінде санитарлық талап қатаң сақталуы тиіс. Халыққа қызмет көрсететін біраз нысан ашылды. Барлық өңірдегідей бұқаралық шараларға тыйым алынған жоқ.

Әлия Шағиахмет, облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің баспасөз хатшысы: 

– Бүгінгі күні аурудың өсу қарқыны 0,4 процентті құрап отыр. Тұрғындарды індеттен сақтау мақсатында локдаун жариялаймыз. Барлық азық-түлік, азық-түліктік емес базарлар жабылады. Құрылыс дүкендері, қоғамдық көлік қозғалысы тоқтайды. Одан бөлек сауда үйлерінің жұмысы да тоқталады.

Қостанайда ірі сауда-ойын сауық орталықтары сағат 22:00-ден бастап кешкі 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Қоғамдық көлік бұған дейін таңертең және кешке жүрсе, енді күні бойы қатынайтын болды. Спа-орталықтар, сұлулық салондары, тренажер залдары, туризм нысандары, қоғамдық тамақтану орындары мен ашық алаңқайдағы ойын алаңдары да жұмыс істей бастады.  

Юрий Севостьянов, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасын бақылау департаменті басшысының орынбасары:

– Қалааралық және аудандарға қатынайтын автобустар әзірге жүрмейді. Спорттық шаралар мен көрме ұйымдастыруға, форум, конференциялар өткізуге әлі рұқсат жоқ. Банкет, отбасылық жақсылықтарға арналған той мен мерейтойларды ұйымдастыруға болмайды. Мәдениет нысандары мен мешіт, шіркеулеріміз әзірге жабық. Бассейн, жағажай, аквапарктер, фудкорт, банкет залдары да ашылмайды.

Ел бойынша он мыңға жуық кәсіпорынның дайындығы тексеріліп, жұмысы бастауға рұқсат алған. Басым бөлігі электронды форматта өтініш жазған. Шектеу шаралары жеңілдегенімен, еркінсуге болмайды. Маскалық режим қатаң сақталуы тиіс.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы