429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы екі өзеннің түбі тазартылып жатыр

  • 167
  • UPD: 21:27, 17.08.2020

Шора, Қиғаш өзендерінің кей тұсы тізеден аспай қалды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Себебі кейінгі қырық жылда табаны тазартылмаған. Сөйтіп өзектер бітеліп, су көліктері жүре алмай қалған. Балықтар да еркін жүзе алмайды. Енді жергілікті билік екі жылдық бағдарлама түзіп, Атырау облысындағы осы қос өзеннің түбін тазартып жатыр. 

Құрманғазы ауданындағы Қиғаш, Шора өзендерін Каспий теңізіне қосатын су арналарының ұзындығы 100 шақырымнан асады. «Сулы жер, нулы жер» дегендей, табиғаты тамылжыған өзен жағалауларында мыңдаған аң мен құс мекендейді екен. Сондай-ақ Қиғаш бойының мақтанышы саналатын су жаңғағы мен әйгілі лотос та тек осы жерде өседі.

Өзен-көлдер – жағалауды бойлай қонған ауылдардың да негізгі күнкөріс көзі. Шабындықтар мен жайылымды айтпағанның өзінде балық шаруашылығын өркендетуге мүмкіндік мол.  

Алайда қырық жыл бойы аршылмаған су арналары құмыға бастады. Өзектердің тереңдігі кей жерлерде 30-40 см-ге әрең жетеді. Бұл өз кезегінде су көліктерінің қозғалысын қиындатып, балықтардың негізгі өрісіне шығуына кері әсер ететін. Қазір ауданда түп тереңдету жұмыстары кешенді қолға алынған.  

Ғұмар Серікбаев, түп тереңдету қондырғысының механигі:

– Бұл қондырғы өзен түбінен тереңдетуге арналған. Тәулігіне 50 метрден алға жылжып келеміз. Тереңдік 1,40 метр болса, біз оны 2,5 метрге дейін қазамыз. Елді мекендер тұсында құрылыс қалдықтары мен браконьерлік аулар қол байлайды. Бірақ әзір графиктен ауытқыған жоқпыз.

Түп тереңдету жұмыстары үш жерде жүргізіліп жатыр. Жобада лай шығаратын 3 земснаряд, 2 эксковатор, 30 адам жұмыс атқаруда.

Дидар Әлиев, учаске басшысы:

– Біз негізінен Каспий теңізіне құятын су арналарын қазып жатырмыз. Көп жылдар бойы тазаланбағандықтан, арналар таяздап қалған. Кей жерлерде тереңдік 1 метрге де жетпейді. Біз соның лайын алып, жағаға лақтырып жатырмыз.

Тереңдету жұмыстары өзендермен қатар Каспий теңізінде де жүргізіліп жатыр. Ол өз кезегінде балықшы кемелердің теңізге еркін кіріп-шығуына, өңірде жалпы су қатынасының жандануына игі ықпал етпек.

Бұл – өзендерді Каспий теңізіне жалғайтын Ганюшкино каналы. Оның ұзындығы – 70 шақырым. Қазірдің өзінде оның 60 проценті қазылып дайын тұр. Түп тереңдетудің пайдасын балықшылар да көре бастаған. Айтқандай, осы көктемгі балық аулауға бөлінген лимиттің 2,5 тоннасын, яғни 99% балықшылар толық игеріпті.

Қиғаш, Шора өзендерін тереңдету жұмыстары биыл мұз қатқанша жалғасатын болады. Осындай жұмыстар Жайық өзенінде де қолға алынған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы