426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде жасыл желек неге жаппай оталып жатыр?

  • 256
  • UPD: 21:29, 17.08.2020

Семейліктер жасыл желектің аяусыз оталып жатқанына қынжылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Тұрғындар шет аймақ тұрмақ, шаһардың қақ ортасындағы ағаштардың тып-типыл болғанын көріп дабыл қақты. Ал әкімдіктегілер алаңдауға негіз жоқ екенін айтады. Олардың мәлімдеуінше, мұның бәрі қаланың даму жоспарына сәйкес, қауіпсіздік мақсатында атқарылып жатқан шаруалар, ал ескі ағаштардың орнына жас көшеттер отырғызылады.

Бұл – қаланың орталығындағы Мәңгілік Ел көшесіндегі жағдай. Күнде осылай ағаш кесу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Ардагер құрылысшы, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі Николай Исаев болса: «бұл әрекетке қарап жүрегің ауырмауы мүмкін емес», – дейді. Бұған дейін қаланың сол жағалауында да көптеген көшелерде осылай ағаштар жаппай кесіліпті.

Николай Исаев, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Әлі есімде, бұл ағаштарды өсіру оңай болған жоқ. Цемент зауытының шаңына қақалып, жас көшеттер әрең бой көтерді. Бірақ арпалысып жүріп өсірдік. Енді келіп жайқалып тұрған жасыл желекті жайратып салды. Әкімнің өзі халықпен кеңесу керектігін айтады, бірақ ондай ақылдасу болған жоқ. Біз сонау Достоевский дәуіріне қайтып келген сияқтымыз. Жазушы 19-ғасырдағы шығармаларында «Семей құмға көміліп барады» деп жазып еді.

Ал қалалық әкімдіктегі жауапты мамандардың сөзінше, бұл жұмыстардың бәрі заңға сәйкес атқарылып жатыр. Яғни қаланы дамыту жоспары бойынша жобалар қолға алынған. Онда тозығы жеткен, көне ағаштарды кесу туралы мамандар қорытындысы бар. Әйтпесе қатты желде құлап кету қаупі күшті.

Амантай Өтелбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің меңгерушісі:

– Бұл тоғайдың өзінің мерзімі келді, уақыты келді. Оның ары қарай өсуі қауіпті, біз жоба жасағанда, оның ішінде экология бар, оның ішінде орман мамандары бар, қорытынды шығарады. Сол бойынша біз әрбір тоғайдың өзінің рұқсатын береміз кесуге. Тұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Енді бұл – қаланың болашағы. Қаланың көркеюі, қаланы дамыту, абаттандыру жұмыстарын атқарып жатырмыз.

Жауапты шенеуніктер сөзіне қарағанда, әрбір кесілген ағаш орнына жаңадан жас көшеттер отырғызылады. Және оның күтімі бақылауға алынады. Ал заңды тұлғалар мен кәсіпорындар бір ағаш кесетін болса, орнына 10 тал отырғызуға міндетті.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы