420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қамысты ауданында жол жөндеуге 1 млрд теңге қарастырылған

  • 168
Қамысты ауданында жол жөндеуге 1 млрд теңге қарастырылған

Қамыстыда жол жөндеу жұмыстары қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қостанай облысындағы бұл ауданда асфальттің 30 проценті жаңартылады. Биыл өңірде осы жол жөндеу жұмыстарына қаржы да молынан бөлініп отыр. 

Иван Волченков таңның атысы, күннің батысы демей жаз бойы жол жөндеу жұмыстарының басы-қасында жүрді. Бұған дейін дөңгелек ауыстырушы боп істеген. Карантинге байланысты жұмыссыз қалғанда, осында орналасты.

Иван Волченков, жол жұмысшысы:

– Жол жұмысшысы боп жүргеніме екі айдан асты. Еңбекақыны уақтылы төлеп тұрады. Бірнеше көшені жаңарттық. Аса қиналатындай жұмыс емес дер едім.

Бүгінде Қамысты ауданында тоғыз аумақтың жол жабындысы қалпына келтіріліп жатыр. Жобалар екі мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 1 млрд теңгеге  қаржыландырылады. Қаражат Талдыкөл және Клочков елді мекендерінің кіреберісіне, сонымен бірге аудан орталығының жеті көшесін жаңартуға жұмсалады. Мердігерлер жыл соңына дейін 34 шақырым жолды жөндеуді көздейді.

Қайыржан Құрманғалиев, Қамысты ауданы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

– Биыл аудан көлеміндегі және ауылдардың ішкі жолдарын орташа жөндеуге мол қаражат бөлініп отыр. Соңғы 30 жыл ішінде мұндай ауқымды құрылыс жүргізілген жоқ десе болады.

Биыл Қостанай облысындағы тас жолдарды жөндеуге былтырға қарағанда екі есе артық қаражат бөлінді. Барлық жұмысты орындауға бюджеттен 45 млрд теңге қарастырылады. Ал күрделі жөндеумен аймақтағы 200 шақырымнан аса жол қамтылады. Жоспарланған жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде облыс жолдарының 75 проценті жаңа кейіпке енеді.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы