420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордай ауданында ауылішілік жолдар жөнделіп жатыр

  • 186
  • UPD: 23:10, 17.08.2020

Жамбыл облысы Қордай ауданында ауылішілік жолдар жаппай жөнделіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұған дейін жұрт жергілікті маңыздағы жолдардың сапасына жиі шағымданатын. Алайда әбден тозығы жеткен жолдардың проблемасы ұзақ жылдан бері шешімін таппаған еді. Енді әлеуметтік бағдарламалар аясында 350 шақырым жол жөнделеді. Сөйтіп 9 ауылдың көшелері күз айларына дейін толық дайын болмақ.

Жол түзеліп, көше асфальтталғалы Аухатты ауылы тұрғындарының еңсесі көтеріліп қалды. Бала-шаға тақтайдай тегіс жерде ойнап, жұрт шаң-тозаңсыз жермен жүргендеріне мәз. Халық лай кешкен күндерді еске алып мұрын тыжырайтады. «Әсіресе жауын-шашын түскенде қиын. Көшелер батпақ болып иленіп кететін», – дейді олар. Ал оқушылар мектепке жету үшін өздерімен бірге екі аяқ киім алып жүруге мәжбүр еді. Енді бұл азап артта қалды.

Гүлзира Ботабаева, Аухатты ауылының тұрғыны:

– Балаларымыз көшеге шығып ойнайды. Самокат теуіп. Бұрын ондайды білмейтінбіз ғой. Ойнайтын жер жоқ болатын. Мен өзім Бұлар батыр ауылында жұмыс істеймін. Ол жақта да жол жөнделіп жатыр.

Саид Сабыров, Аухатты ауылының тұрғыны:

– Мектебіміз, 20 шақты көшеміз жасалып бітті. Карантин кезінде қарапайым ауыл тұрғындарына да өте үлкен жұмыс болды. Бұрынғы жолымыз бен қазіргінің сапасын салыстыруға келмейді.

Дәл осындай игі іс Қаракемер, Масаншы, Сортөбе, Бұлар батыр сияқты 9 ауылда жүргізіліп, көшелері 100 процент жөнделді. Өзекті мәселе «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Нұрлы жер», «Ауыл – ел бесігі» әлеуметтік бағдарламалары аясында бөлінген қаражат есебінен шешімін тауып отыр.

Ерлан Орынбаев, Қордай ауданы әкімінің орынбасары:

– Жол ең жиі көтерілетін проблемалардың бірі болатын. Биыл 350 шақырым жолды салып, жөндеуге 6, 9 млрд теңге бөлінді. Әсіресе ауылішілік жолдарды жөндеуге басымдық беріліп отыр. Инфрақұрылыммен қамту бұл әлеуметтік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Ең бірінші жол сапасына да бас мән берілді. Тіпті қоғам өкілдеріне құрылыс барысын бақылап, қадағалау мүмкіндігі де жасалды.

Қордайдағы жол жөндеу жұмыстары толық аяқталса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары 90 процентке, ал ауылішілік жолдардың сапасы 55-тен 75 процентке дейін жақсарады. Қазір 10 шақты көшені орташа жөндеуден өткізу жұмыстары қалды. Оны тамыз айының соңына дейін аяқтау жоспарда.  

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы