426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалықтардың үштен бірі спортпен белсенді айналысады

  • 227
  • UPD: 10:28, 18.08.2020
Елордалықтардың үштен бірі спортпен белсенді айналысады astana.gov.kz

Елордада карантин кезінде тұрғындар арасында жүгіру, велоспорт және йога танымал болды, деп хабарлады әкімдіктің ресми сайты.

Спорттық үйірмелерге үнемі қатысатын Нұр-Сұлтан тұрғындарының саны артып келеді. Елордалықтардың үштен бірі спортпен белсенді айналысады.

«Бүгінде елордада дене шынықтыру, спорт және дене шынықтыру-сауықтыру бағытындағы 564 ұжым жұмыс істейді, 340 459 адам жаттығу сабақтарына үнемі қатысады, бұл қала тұрғындарының жалпы санының 29,7% құрайды», - деп хабарлады елорданың дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Ұжымдардың негізгі бөлігі спорттық-сауықтыру клубтарында, сондай-ақ ұйымдардағы немесе тұрғылықты жеріндегі секцияларда.

Спортшылар санының өсуі салауатты өмір салтын ұстану тенденциясына, қалада өткізілетін спорт, дене шынықтыру-сауықтыру шараларының көбеюіне байланысты екенін атап өтті басқарма өкілдері.

«Олимпиадалық спорт түрлерінің ішіндегі ең көп тарағаны: баскетбол және стритбол, волейбол, футбол, шайбалы хоккей. Мына спорт түрлері де танымал: дзюдо, джиу-джитсу, бокс, велоспорт, жүзу, шахмат. Карантин кезінде адамдар ашық спорт түрлерімен айналыса бастады: жүгіру, велоспорт, йога», - деп түсіндірді жергілікті өкілетті орган.

Айта кету керек, дене шынықтыру және спорт басқармасы ұлттық спорт түрлерінен онлайн жарыстар өткізді. Чемпионат Zoom бағдарламасы арқылы 14-16 тамыз аралығында өтті. Қатысушылар асық ату, бес асық, ләңгі сияқты ойындарда бақ сынады.

Сонымен қатар 15 тамызда бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясы «Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, мүгедек спортшыларға арналған спорт мектебімен» бірлесе отырып ашық онлайн-шахмат турнирін ұйымдастырды.

Естеріңізге сала кетейік, 2004 жылдан бастап тамыз айының әр үшінші жексенбісінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 15 қарашадағы Жарлығымен бекітілген Спорт күні аталып өтеді. Биыл мереке 16 тамызға сәйкес келді.

Хабар 24 телеарнасы