420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жыл соңына дейін 1 млн 220 мың қазақстандық жұмыспен қамтылады – ҚР ЕХӘҚМ

  • 134
  • UPD: 16:45, 18.08.2020
Жыл соңына дейін 1 млн 220 мың қазақстандық жұмыспен қамтылады – ҚР ЕХӘҚМ primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен селекторлық отырысында жұмыспен қамту шараларын іске асыру барысы қаралды.

Еліміздегі қазіргі ахуал туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов баяндады. 

Еліміздегі барлық мемлекеттік бағдарламалардың әлеуетін ескере, ағымдағы жылы 1 млн 220 мың адамды жұмыспен қамту шараларына тарту жоспарланған болатын. Бүгінге 743 мың адам сол шараларға тартылды. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасына қатысуға 379 мың адам ниет білдірді. Оларға шағын кәсіпкерлікпен айналысуға 5 800 жеңілдетілген несие және 17 200 қайтарымсыз тегін грант берілді. Мемлекет тарапынан жалақысы субсидияланатын жұмыс орындарына 156 мың адам тартылды.

«Қысқа мерзімдік оқытумен кәсіпкерліктің негіздеріне оқытуға 34,5 мың адам қатысуда. Қыркүйек айында қосымша 20 мыңнан астам ҰБТ-дан өтпеген мектеп түлектері жұмысшы мамандықтар бойынша тегін техникалық кәсіптік оқуға жіберілетін болады. Жұмыспен қамту орталықтары ашық вакансияларға берген жолдамалары бойынша, 130 мың адамға жұмыс таба алды», – деді министр.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша 5 800 шағын несие алған қазақстандық қосымша 6 151 тұрақты жұмыс орнын ашты. Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы жақсы көрсеткіштерге ие. 

«17 мыңнан астам берілген гранттардың 51% аз қамтылған, көпбалалы отбасылардағы жұмыссыздарға бағытталды. Бұл бағытта Жамбыл облысы жылдық жоспарға қол жеткізіп қалды, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы 80% астам орындауда», – деді Б.Нұрымбетов.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 6 400 жуық жоба іске асырылуда. Жобаларда 154 мың адам жұмыс жасауда. Оның ішінде 73% – ауылдық елді мекендерде, 37% – жұмыссыз жүрген жастар, 17% – кешегі бейресми жұмыспен айналысып жүрген азаматтар және 9% – аз қамтылған отбасылар мүшесі.

Ақпарат көзі: primeminister.kz

Хабар 24 телеарнасы