424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жылы шырай – жарты ем. Дәрігерлер алғысқа бөленді

  • 176
  • UPD: 20:11, 18.08.2020

Қауіпті дерттің беті қайтты. Елдегі провизорлық орталықтардың дені жабылып жатыр. Бүгін елордадағы бірінші көп салалы қалалық ауруханадан вирус жұқтырған соңғы науқас жазылып шығып, отбасына оралды. 53 жастағы ана медициналық мекемеге 4 тамызда екі жақты вирустық пневмония диагнозымен түскен болатын.

 Вирусқа төтеп бере алған Баян расымен қошеметке лайықты. Дәрігерлердің де еңбегі ерен. Осыдан тура 2 апта бұрын Баянның денсаулығы сыр беріп, дене қызуы көтерілген еді. Үй жағдайында амбулаторлы ем қабылдады. Бірақ жайсыздана берген соң стационарлық емге жүгінді. Қойылған диагнозы – екі жақты вирустық пневмония. 

Баян Субкангулова, қала тұрғыны: 

- Аурухананың барлық қызметкеріне алғысым шексіз. Мейірімі мен көңілін менен аямады. Тек дәрі-дәрмекпен емес, осындай жылы қарым-қатынастың да арқасында емделуге болатынына көзім жетті. 

Қазіргі уақытта қала бойынша 300-ден астам пациент жұқпалы аурудан емделіп жатыр. Ал номері бірінші қалалық ауруханадан бүгін соңғы науқас жазылып шығып, отбасына оралды. Жалпы бұл емдеу орыны 4 мыңға жуық науқасты емдеп шығарды. 

Марат Абдуов, №1 көп салалы қалалық аурухананың директоры:

 – Мен өз қызметкерлеріме ризашылығымды білдіремін. Вирус тарай бастағаннан бері ешқайсысы аянып қалмады. Жүктеменің жоғары болғанына қарамастан кезекшіліктерін абыроймен атқарды. Жұдырықтай жұмыла білді. 

Аурухана директорының айтуынша, стационар жұмысына 370-ке жуық дәрігер жұмылдырылды. Осылайша бүгіннен бастап №1 қалалық аурухана жұқпалы аурулар ауруханасы ретінде жұмысын тоқтатты. Негізгі қызметі штаттық режимде жалғасады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы