429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысындағы шекарада кептелген өзбек пен тәжік азаматтары еліне қайтты

  • 693
  • UPD: 21:22, 18.08.2020

«Жібек жолы» шекара бекеті толық ашылды. Түркістан облысындағы бұл кеден бекетінен өте алмай, бергі бетте қалып қойған мыңдаған Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары елдеріне қайтты. Бұған дейінде көрсеткенбіз. 40 градус аптапта еліне жете алмаған жұрт автотұрақты паналаған еді. Оларды шатыр және ауызсумен қазақстандық шекарашылар қамтамасыз етті. Ал волонтерлер тамақ, гигиеналық заттар жеткізіп берді. 

Қазақ-өзбек шекарасында жағдай қалыпты. Барлығы бұрынғыша штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Қазір бұл өткізу бекетінен тәулігіне 400 адамдай өтіп жатыр. 

Ақмал Бердиев, Өзбекстан Республикасының азаматы: 

- Бүгін мен шекарадан кезексіз, еш кедергісіз өттім. Шымкентте фермада жұмыс істедім. Енді үйіме қайтқым келеді. Отбасыма барамын. 

Осыдан бір ай бұрын Жібек жолы шекара бекетіндегі көрініс мынадай еді. Автотұрақтар лық толы. Бірнеше мың өзбек және тәжік елдерінің азаматтары шекарадан өту үшін рұқсатты тәуліктеп күткен еді. Ташкент коронавирус эпидемиясына байланысты өтуге тыйым салған болатын.

Мұхит Отаршиев, Сарыағаш ауданының әкімі:

- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында шекара маңынан буферлік зона өз тарапымыздан ұйымдастырылған болатын. Көлемі үш жарым мың шаршы метр. Шекара қызметкерлерімен қосыла үлкен жұмыстар атқарылды. Еріктілер көмектесіп жатты. Ол жерде бір реттік ыстық тамақ беру мәселесі шешілген болатын. Гигиеналық заттармен қамтамасыз ету. Маска заттарымен қамтамасыз ету. 

Жергілікті жерде тәртіп сақтап, бақылау мақсатында шекара қызметінің күштері тартылған болатын. Қазір рұқсатнамаға қатысты мәселе жоқ. Оны мигранттардың өздері де растап отыр. Олар еш кедергісіз отанына қайта алады. Ал Тәжікстан азаматтары тек әр айдың бірі және он бесі күндері ғана өтетін болады.

Махмуд Әділғазин, Түркістан облысы бойынша шекара қызметі департаментінің бастығы: 

- Шекара қызметінің жұмысын бір жағынан сапасын көтеру үшін, бір жағынан жеңілдету үшін жаңадан шыққан техникалық құралдарын пайдаланады шекарашылар. Күшейту үшін жаңадан шыққан видео- және сигнализационный жүйелерін енгізіп жатыр. Оның бәрі заң бұзушылыққа жол бермеу үшін. 

Бүгінде Қазақстан шекарасы бекем. Заманауи жоғары деңгейдегі технологиямен қамтамасыз етілген. Ал шекарашылар ел тыныштығын күндіз-түні күзетіп, мызғымастан қызмет етіп келеді. Олар тіпті кәсіби мереке күні де Отан қорғап, борышын өтейді.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Катерина Попкова, Нұрмахан Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы