426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ұсыныстарын пысықтауға бір ай берілді

  • 238
  • UPD: 15:19, 19.08.2020
Үкіметке Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің ұсыныстарын пысықтауға бір ай берілді

Президент Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысықтауды тапсырды.

Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері жөніндегі кеңесте айтты.

«Азаматтармен диалог орнату арқылы сыбайлас жемқорлық белең алып, қоғам наразылығын туғызып жүрген түйткілді салаларды анықтауға болады. Адамдар бұрынғыша жоғары оқу орны, колледж, тіпті мектептердегі сыбайлас жемқорлықты айтып, шағымданады. Жемқорлық азаматтарымыздың бойына сіңіп, тіпті қоғамның қалыпты құбылысына айналып кетуі мүмкін. Басты мәселе – осы.

Ал кәсіпкерлер жер комитеті, Өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарын жемқорлық жайлаған деп есептейді. Жолдың сапасына байланысты да жұртшылықтың алаңдаушылығы жоғары. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комиссиясы маған су шаруашылығы саласында айтарлықтай түйткілдер бар екенін хабарлады», - деді Қ.Тоқаев.

Осы мәселелер бойынша қоғамдық бақылау тетігі жұмыс істеуі тиіс екенін айтты.

«Бұл шараға үкіметтік емес ұйымдарды тартқан жөн. Оларды нормативтік-құқықтық актілерді сараптау ісіне қатыстыру керек. Cыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл, онымен ымырасыз күрес қоғамның өзекті мәселесінің біріне айналғалы көп жылдың жүзі болды. Еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығы осы бағыттағы жүйелі әрі табанды шараларға байланысты.

Үкіметке қағазбастылық пен бюрократияға салынбай, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген ұсыныстарды бір ай мерзімде жан-жақты пысықтауды тапсырамын. Соның нәтижесі бойынша нақты шаралар кешені жасалуға тиіс. Негізгі мақсат – жемқорлықтың тамырына балта шабу, оны түбегейлі жою. Бұл жұмысты еш созбалаңға салмай, қарқынды түрде жүргізу қажет. Президент Әкімшілігі қолға алынған барлық шараларды қатаң бақылауға алып, нәтижесін маған үнемі хабарлап отыруы керек», - деді Президент.

Қ.Тоқаевтың сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзі

Хабар 24 телеарнасы