420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Семейде мобильдік бригадалар жұмысын жалғастыра береді

  • 191
  • UPD: 19:59, 19.08.2020

Семейде эпидемиологиялық ахуал тұрақталғанына қарамастан, медициналық мобильдік бригадалар жұмысын жалғастыра береді, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Өйткені бұл топтың жұмысы өз тиімділігін дәлелдеді», - дейді мамандар. Әсіресе, жедел жәрдем үлгермей жатқан тұста жұқпалы дерттің таралуын тоқтатып, науқастарға дер кезінде көмек жасауда маңызды қызмет атқарған. Шілде айында қалада 71 бригада еңбек етсе, қазір олардың саны 56-ға азайған. Екі айдың ішінде тұрғындардан 30 мыңға жуық шақырту түсіпті.

Балауса Жұматаева – 3 жылдық еңбек өтілі бар жас дәрігер. Мобильдік бригада құрамында сәуір айынан еңбек етіп жүрген ол бастапқыда жұмыстың ауырлау болғанын айтады. Қазір қалада жағдай тұрақталған. Дегенмен, мобильдік топтар жұмысы тоқтаған жоқ. Бұрын науқастарды үйлеріне барып анықтап, дәрі-дәрмегін жеткізумен айналысса, қазір қауіпті дерттен емделіп шыққан халықтың денсаулығын бақылауға алған.

Балауса Жұматаева, мобильдік бригаданың дәрігері:

- Ең басында науқастармен жұмыс істеген кезде, COVID деген науқастар келген кезде қорқыныш болды, әрине. Бірақ та қазір сақтық шараларын сақтаса, әрине, қиыншылық жоқ. Өзіміздің қаражаттан тыс бөлінді және де уақытымен төленіп отырды. Өте жақсы сезілді. Ойлаймын, дәрігерлерге өте көп көмек болған. Тойсыз қазақ болмайды, әрине. Бірақ та мен осы аурудың алдын алып, жеңіп шыққан кезде үлкен той жасау керек деп ойлаймын.

Мобильдік бригада түсіндіру жұмыстарымен де айналысады. Онлайн ақыл-кеңес береді. «Ең бастысы, карантиндік шаралардың маңызын ұғынсақ, ұтар едік», дейді дәрігерлер. Семейліктер де жаңа ережелерге ет үйрете бастағаны қуантады.

Тілші:

- «Карантин» деп жатыр ғой, «маскамен жүріңдер, денсаулықты сақтау керек» деп жатыр. Осы жаңа ережеге, жаңа өмірге үйрендіңіздер ме?

Саукет Рафиков, зейнеткер:

- Үйрендік енді, үйрендік. Дұрыс жағдай қазір, сақтау керек. Құдай бұйырса, бәрі орнына келеді. Масканы қызым әкеледі, содан кейін мына КСК да беріп тұр. Біз көп жүрмейміз, аяқ ауырады, 1-2 сағат қана жүреміз.

Жақында мобильдік бригадалар жаңа көліктермен қамтылды. Қазір медицина қызметкерлері жұқпалы дерттің күзде болуы ықтимал екінші толқынына дайындалып жатыр.

Найля Әлменева, қалалық жедел штабтың медициналық мәселелер жөніндегі үйлестірушісі:

- Оған міне, дайындық басталды. Бастапқы алғашқы медициналық көмек мекемелері ішінде мобильдік бригадалар. Олар әлі жұмыс істейді. Бұлар кір зона мен таза зонада істеу керек және де өзіміздің жоспарлы жұмыстарымыз бар. Ол жұмыстар да істелуі керек міндетті түрде, 3-4 ай болды жоспарлы аурулар онша қаралмай қалды.

Бұған дейін шаһарда 71 мобильдік бригада болған еді. Қазір эпидахуалдың тұрақталуына байланысты 56 топ қана жұмысын жалғастыруда. Қаладағы стационарлық емдеу мекемелерінде 93 науқас әлі де емделу үстінде, оның ішінде 18 адамның жағдайы ауыр. Ал, үйге шыққандары оңалту шараларын қабылдап жатыр. «Сондықтан сақтық шараларына немқұрайлық танытпаған жөн», - дейді дәрігерлер.

Хабар 24 телеарнасы