424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атбасарда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды

  • 124
  • UPD: 22:39, 19.08.2020
Атбасарда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары басталды

Атбасар көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені жаз айларында өзен суы төмендейді. Сондықтан қолайлы сәт осы. Аудан ауыл-аймақтағы арықтар мен суды қамыстан тазарту үшін жергілікті бюджеттен 19 млн теңге қаржы бөлген.

Айта кетейік, бұдан бірер жыл бұрын Жабай өзені тасып, 400-ден астам үйді су басып қалған еді. Сондықтан бұл аумақ жіті назарда.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Бұл – Жабай өзенінің Покровка ауылы маңындағы тұсы. Бірнеше күннен бері 3 адам су айдынының жағасындағы қамыс пен жабайы өсімдіктерді шауып жүр. Себебі, өткен жылы дәл осы жерде мұз кептеліп, елді мекендегі өзенге жақын орналасқан үйлердің ауласына су кірген болатын. «Биыл ондай жағдайды болдырмау үшін қолдан келген бар амалды жасап жатырмыз», - дейді, мамандар. Өзенмен қоса, су қоймалары да көктемде халыққа қауіп төндіреді.

Ерболат Әшкенов, Атбасар аудандық ТЖ бөлімінің басшысы:

- Ауданымызда 5 гидротехникалық құрылыс нысаны бар. Ол, Самарка және Сепе, Сочинское ауылдарында орналасқан. Бізде Сочинское ауылындағы плотина қанағаттанарлық емес жағдайда болғандықтан, биыл облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі таңда күрделі жұмыс басталып кетті. Жұмыс биылғы жылы аяқталады. Ол, Сочинское елді мекенін көктемгі су тасқынынан қорғайтын болады.

Өзен тасыған жағдайда үйлерге су кірмеу үшін Жабайды жағалай қоныстанған елді мекендердің, нақтырақ айтсақ, 8 ауылдың жанынан осындай арықтар қазылған. Қазір олардың да арнасы кеңейтіліп, маңайы күл-қоқыстан тазартылып жатыр. Дәл осындай жұмыстар аудан орталығы Атбасар қаласында да жүргізілуде.

Ирина Шагорская, Атбасар аудандық әкімдігінің өкілі:

- Атбасар қаласы бойынша арықтарды тазалаудан бөлек, биыл өзеннің құм жиналған жерлерін тазарту жоспарланған. Бірақ өзен суы әлі тартылған жоқ. Сондықтан бұл жұмыстар әзірге орындалмады. Оған қоса, дамбаның қабырғасын мықтылаймыз. Әзірге біздің қолымыздан келетіні осы ғана.

Жабайға қатысты биыл облыстық табиғи ресустар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы 28 шақырым аумақта өзеннің табанын тереңдету жобасын әзірлепті. Алайда, оған 23 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Құжаттары қазір мемлекеттен сараптамадан өтіп жатқан бұл жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөліне ме, жоқ па, оны ешкім білмейді. Одан бөлек, аудандық әкімдік, өзенге жақын орналасқан 500-ге жуық отбасыны қауіпсіз жерге көшіру үшін 5 үй салуға бел буыпты. Бірақ, оған да ел қазынасынан қыруар қаржы керек. Сондықтан ол жоба да алдағы уақыттың еншісіне қалып отыр.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы