421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 22 сауда орнының қызметі жанданды

  • 142
  • UPD: 23:12, 19.08.2020

Елорданың өзінде 22 сауда орнының қызметі жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұларға құзырлы мекеме тарапынан рұқсат берілген. Ал, басқаларының жұмысында әзірге кемшілік көп. Санитарлық нормалар сақталмайды немесе бетперде тағу, санитайзер қолдану сынды ережелер еленбейді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Карантин шараларының жеңілдеп, сауда орталықтары жұмысының қайта жанданғанына бірнеше күн болды. Көпшіліктің бұл сәтті асыға күткені байқалып тұр. Елордадағы ең ірі сауда ойын-сауық орталығында адам қарасы көп. Мұнда келушілер саны белгілі бір нормадан аспауы тиіс. Ол үшін әрбір дүкенге кіреберісте ілінген нұсқаулықтарға мән беру керек. Мәселен, мына дүкенге 8 адамнан артық кірмеу қажет.

Әлемді жайлаған коронавирус індеті отандық бизнеске де оңай тимеді. Көптеген кәсіпкерлік құрылымның жұмысы тоқтап қалды. Енді қайта еңсе тіктейтін сәт келді.

Қанат Төребаев, сауда ойын-сауық орталығының директоры:

- Сатушы келушілердің бетперде тағып немесе тақпай жүргенін және арақашықтықтың сақталуын тексереді. Біз де бұған жауаптымыз. Дүкеннің жалпы аумағына қарай қанша адамның іште болуы керектігін анықтап, әр кіреберіске нұсқаулық ретінде іліп қойдық.

Елорда бойынша тұрғындар сауда-саттық жасайтын 115 нысан бар. Осы күні солардың тек 22-і ғана кәсіпкерлік қызметін қайта бастауға мүмкіндік алды. Ондағы санитарлық-тазалық нормалары талапқа сай. Ал 12 нысанның жұмысына ескертулер бар.

Қанат Төребаев, сауда ойын-сауық орталығының директоры:

- Орталық жұмысын қайта бастау жөніндегі өтініш жібердік. Сосын бізге санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қойылды. Келесі күнге дейін барлығын орындап, жауапты мекеменің рұқсатын алдық. Енді міне, кинотеатр, фудкорд, ойын-сауық алаңдарын есептегеменде қалған сауда нүктелері толық жұмыс істеп тұр.

Аталған рұқсат қағазын ұлттық кәсіпкерлер палатасы береді. Ол үшін кәсіпкерлер есік жағалап, табалдырық тоздырмайды. Барлығы онлайн арқылы жүргізіледі.

Нұрлан Каиршин, қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

- Кәсіпкерлердің 90%-і қызметті қайта бастағаны жайлы тек хабардар етіп, жұмысын жалғастыра берсе болады. Оларға мониторинг топтар бармайды. Тек ірі сауда орындары, келушілер көп баратын жерлер тексеріледі. Санитарлық нормалардың орындалуы қатаң қадағалауға алынады.

Ірі сауда нысандарының арасында жұмысын бастауға рұқсат алу үшін кезек күтіп отырғандары да бар. Мониторингтік топ оларды көп кешіктірмей аралап, тиісті шешім қабылдауы тиіс.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Арман Ақшабаев

Хабар 24 телеарнасы