420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет басшысы Түркістандағы Қ.А.Яссауи кесенесін жөндеу жұмыстарымен танысты

  • 203
  • UPD: 17:21, 20.08.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент алдымен Мақтаарал ауданында болды. Кейін Арысқа аттанып, Түркістан қаласына да ат басын бұрды. Мақтаарал ауданының орталығында көктем айындағы су тасқыны кезінде үйлері қираған Достық, Жаңатұрмыс, Жеңіс ауылының тұрғындары үшін жаңа тұрғын үй алабы пайда болды. Қазір онда 180 баспананың құрылысы аяқталған. Тағы 200-ден астамы салынып жатыр. Қазан айына дейін пайдалануға берілмек. Ал Фирдауси мен Өргебас ауылдарының халқы ешқайда көшпейді. Өздері үйлерін салып алады. Ол үшін мемлекет баспанасыз қалған әр тұрғынға 17 миллион теңгеден берді. Бүгін Мырзакентте салынған үйлердің сапасын Президент өзі тексеріп шықты. Халықпен тілдесті. Бұдан соң, төтенше жағдай кезінде жұмылып, әрекет қылған азаматтарға алғысын жеткізді. Орайы келгенде тұрғындар да Президентке алғысын айтты.

Мемлекет басшысы аймаққа сапары кезінде Арыс қаласындағы қайта қалпына келтірілген нысандармен де танысты. Жарылыстан кейін мұнда 480-ге тарта үй салынды. 7800-ден аса шаңырақ пен 66 әлеуметтік нысан, екі ауруханаға жөнделді. Қаланы қалпына келтіруге жалпы 60 млрд теңге жұмсалды. 40 мың тұрғынға 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленді. Сонымен қатар, Президент 1904 жылы салынған вокзалға барды. Бұл вокзалдың жарылыс кезінде қас беті, есік-терезесі қираған еді. Мемлекет басшысының пәрменімен көне нұсқасы сақтала отырып, жөнделді. Қазір бұрынғы қалпында жұмыс істеп тұр. Арыс қаласынан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына аттанды. Онда Президент Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі жөндеу жұмыстарын көріп, «Сапар орталығының» қызметімен танысты және жаңадан салынған «Жібек жолы» саябағын аралады.

 

 

Хабар 24 телеарнасы