421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда Орталық Азия халықаралық гляциология орталығы жұмысын бастайды

  • 170
  • UPD: 18:28, 20.08.2020

Жыл соңына дейін Алматыда Орталық Азиялық халықаралық гляциологиялық орталық өз жұмысын бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл ұйым ЮНЕСКО-ның бастамасымен Қазақстанның география және су қауіпсіздігі институтының базасында құрылды. Аталған ұйымды құруға Солтүстік Тянь-Шаньдағы ірі мұздықтардың жылдам еруі себеп болып отыр. Ғалымдар 21-ші ғасырдың соңына дейін мұздықтар толықтай жойылады деп болжап отыр. Іле Алатауындағы Тұйықсу мұздығында біздің түсіру тобымыз да болып қайтты.

Тұйықсу мұздығы таудың қия шыңында орналасқан. Дегенмен, Алматыға жақын орналсқандықтан, зерттеуге ең қолайлы мұздық болып саналады. Қазір мұнда Қазақстан география және су қауіпсіздігі институтының гляциологиялық стансасы жұмыс істеуде. Тұйықсу көп жылдан бері бас кеңсесі Швейцарияда орналасқан Дүниежүзілік мұздықтарға мониторинг жасау қызметінің бақылауында. Атап айтқанда, Солтүстік Тянь-Шаньдағы ірі тау мұздығы Орталық Азия аймағындағы климаттық өзгерістердің көрсеткіші болып отыр. Біздің мамандар үнемі швейцариялық әріптестеріне бақылау мәліметтерін жіберіп отырады.

Николай Касаткин, география және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:

– Мұздықтар климаттың өзгеруінің ең сезімтал индикаторы. Олар арқылы ауа райындағы өзгерісті бірден байқауға болады. Егер мұздықтар еріп жатса, демек, жылынудың болып жатқаны. Қазір мұз көбесінің сөгілгенін анық байқауға болады. 21 ғасыр басталғалы бұл құбылыс күшейді. Мұздықтар өткен ғасырдың 70 жылдарына қарағанда жылдам ери бастады.

Мұздықтардың еру барысын ғалымдар әр 10 күн сайын тексереді. Бұл үшін олар стансадан мұздыққа дейін жаяу көтеріледі. Жолға бір жарым, екі сағат уақыт кетеді. Тұйықсуда тақтайлар орналастырылған. Тақтайлардың биіктігі арқылы мұздықтың қаншалықты жылдам еріп жатқанын байқауға болады. Николай Касаткиннің айтуынша, мұздықта қазір 102 татай қалған. Бұрынырақта оның саны көп болыпты. Бұл мұз айдынының қаншылықты қысқарып келе жатқанын көрсетеді.

Николай Касаткин, география және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:

– Біз әр онкүндікте бақылау жүргіземіз. Наурыз айынан бастап, қыркүйектің соңына дейін  күн жылы уақытта мұздың үстіндегі тақтайлардың биітігін тексереміз. Осы өзгерістер негізінде карта жасалып, аумағын, көлемін есептеп, мұздықтың қанша су жоғалтқанын анықтаймыз.

Су тапшылығының азабы айтпаса да түсінікті, дейді мамандар. Бірінші кезекте елді мекендердегі қалыптасқан тіршілік зиян шегеді. Бұл жаһандық климаттық өзгерістердің адамға әкелер зардабының бір шеті ғана. Дегенмен, Николай Касаткиннің айтуынша, жақсылықтан үміт бар. Тылсым табиғаттың біз күтпеген сыйы болуы мүмкін.

Николай Касаткин, география және су қауіпсіздігі институтының ғылыми қызметкері:

– Соншылықты қорқатын ештеңе жоқ. Ашық мұздықтардан бөлек, сілемдердің астында жасырын мұздықтар да бар. Бірақ өкінішке қарай, қазіргі техникалық құралдармен біз бұл мұздардың көлемін анық біле алмаймыз. Алайда оны анықтайтын уақыт келеді деп ойлаймын.

Қалай болғанда да Солтүстік Тянь-Шаньдағы мұздықтар назардан тыс қалмау керек. Осы мақсатта жыл соңында Алматыда ЮНЕСКО-ның бастамасымен Орталық Азиялық халықаралық гляциологиялық орталық өз жұмысын бастайды. Ал қарапайым халық судың да сұрауы бар деген қағиданы әсте естен шығармауы керек.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Григорий Беденко

Хабар 24 телеарнасы