424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде ұн бағасы өсуі мүмкін  

  • 237
  • UPD: 21:00, 20.08.2020

 

Ұлттық экономика министрлігінің жыл басында берген статистикасына сәйкес, биыл жоғары сұрыпты ұн бағасы 24 процентке көтеріліп, 163 теңгеден 200 теңгеге бір-ақ шыққан еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жазда тағы 15 теңге қосылған. Осы теріс динамика әзір тежелмейтін секілді. Айталық, ақмолалық диқандар биыл астықтың аз шыққанын алға тартып, баға тағы көтеріле ме деген күдігін айтып отыр. Бұл аймақта гектарынан небәрі 10-11 центнер өнім алынады деген болжам бар. 

Атбасар ауданындағы бұл шаруашылық биыл 16 мың гектар жерге бидай сеуіпті. Астық, қазір пісіп, дайын тұр. Бұйыртса, егінге жақында орақ түседі. Тиімді технологияларды қолданудың арқасында серіктестік осы жылы ауа райының қолайсыз болуына қарамастан, өте сапалы өнім алудан үмітті.

Мұрат Сәдуақасов, агроном:

– Биыл сапалы бидай аламыз деп жоспарлап отырмыз. Себебі, өнімнің қамырлығы өте жақсы. Ал, бұл, ұн өндіруге таптырмайтын шикізат. Бағасы да сәл қымбаттау болады.

Бидайдың қымбаттағаны нәсібін жерден тауып отырған шаруалар үшін жақсы, әрине. Алайда одан өндірілетін ұн мен нанның тұтынушысы – қарапайым халық үшін оңай емес. Мәселен, Ұлттық экономика министрлігінің жыл басында берген статистикасына сәйкес, биыл жоғары сұрыпты ұн бағасы 24 процентке көтеріліп, 163 теңгеден 200 теңгеге бір-ақ шыққан еді. Ал жазда тағы 15 теңге қосылды. 

Иван Бутаков, диірмен кешені директорының орынбасары:

– Сіз түсінесіз бе, өндірістегі шығындар өте көп. Коммуналдық төлемдер, салық, жұмысшылардың жалақысы, осының бәрі ұн бағасына тікелей әсер етеді. Одан қалды бидайдың көлемі мен сапасы да ұнның өзіндік құнын қалыптастыруға септігін тигізеді. Ал биыл нақты қаншаға қымбаттайтыны егін толық жиналып болған соң белгілі болады.

Ұнның бағасы көтерілсе, нан да қымбаттайды. Қазірдің өзінде ел бойынша ас атасының 100 теңгеден кемі жоқ. Ал ұн мен ұн өнімдерінің нарығына қатысты жаңа өзгерістер биылғы егін орағы аяқталып, астықтың бәрі қамбаға құйылған соң белгілі болмақ. Себебі оның өзі осы жылы оңай болмайтын түрі бар. Өйткені  аграрлы аймақтарда күнара жауын. Бір ғана Ақмола облысы диқандарының алдында 4 жарым млн гектарға жуық жердің дәнін жинау міндеті тұр. Ал шаруалар болса, жиым-терімге енді ғана кірісті.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы