420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Астана Моторс» компаниясы мақтааралдықтарға жиһаз сыйлады  

  • 191
  • UPD: 22:28, 20.08.2020

 

Мақтаарал ауданының тұрғындары жаңа баспанаға кіріп, қоныс тойына дайындалып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлгінде айттық, елді мекендерде жаңа үйлер салынып, инфрақұрылым жүргізілуде. Осы ретте «Астана Моторс» компаниясы Өргебас, Фирдауси ауылы тұрғындарының қуынышымен бөлісіп, 426 отбасына жиһаз жиынтықтарын сыйлады.

«Астана Моторс» компаниясы тасқын судан зардап шеккен Мақтаарал ауданының тұрғындарына 50 млн теңгеден астам қаржыға 426 дана жиһаз жиынтығын сатып алып, сыйға тартты. Жатын бөлмелерге арналған жиһаздардың алғашқы легі бүгін жаңа қоныстаушыларға берілді.

Гүлмира Әбутаева, Өргебас ауылының тұрғыны:

– Көктемгі су тасқынан үйіміз қирап қалған. Үкімет жәрдем беріп, үй салуға ақша берді. Сол қаржыға үй салып алдық. Міне, көріп тұрсыздар. «Астана Моторс» компаниясы үлкен сыйлық әкелді. Жатын бөлмесіне жиһаз сыйлады. Өте керемет. Балаларымыз да, өзімізде қуанып отырмыз. Аллаға шүкір.

Сардоба су қоймасындағы бөгеттің жарылуынан болған су тасқынынан кейін мемлекет пен жеке демеушілердің қолдауының арқасында аудан өмірі қайта жанданып келеді. Күз түсіп, күн суытқанға дейін барлық зардап шеккен тұрғындар жаңа баспаналарына кіреді.

Мейіржан Мырзалиев, облыс әкімінің орынбасары:

– Өңірлерден 760 тоннадан астам әртүрлі азық-түлік, тұрмыстық заттар келді. Оның бәрі осы халыққа берілді. Бүгін «Астана Моторс» компаниясы алғашқы біткен үйлерге көмек, сыйлық ретінде жиһаздарын үлестіріп отыр. 

Айдын Сұлтанов, «Астана Моторс» компаниясының әлеуметтік мәселелер жөніндегі директоры:

–«Бірлік болмай, тірлік болмас». «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп жатады қазақта. Сондықтан бізде қолымыздан келген үлесімізді қосып, осы Мақтаарал ауданының азаматтарына келіп, қуаныштарымен бөлісіп жатырмыз.

«Астана Моторс» - Astana Group-тың еншілес компаниясы. Әрдайым еліміздегі ауруханаларға медициналық құрал-жабдықтар сатып алып, балалар мекемелеріне тұрақты түрде әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Төтенше жағдайлар кезінде қаржылық және гуманитарлық көмек береді. Мақтаарал ауданының тұрғындарын жиһазбен қамтамасыз ету жобасы «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияы» АҚ жанындағы, «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы жүзеге асырылды.

Авторлары: Жандос Жұмабеков, Ерболат Әбіш

 

Хабар 24 телеарнасы