420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе облысында қола дәуіріне тиесілі жәдігерлер табылды

  • 198
  • UPD: 23:18, 20.08.2020
Ақтөбе облысында қола дәуіріне тиесілі жәдігерлер табылды

Ақтөбе облысында қола дәуірінің құнды заттары табылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зерттеу жұмыстары бұл қыш құмыралар, білезіктер, қол орақ пен өзге де еңбек етуге қажетті құрал-саймандар біздің заманымызға дейін екі мың жыл бұрын қолданыста болғанын дәлелдеп отыр. Барлығы да Ырғыз ауданының Шеңбертал ауылы маңындағы екі зираттан табылған. Бұл орынды былтыр жергілікті тұрғындар мен өлкетанушылар байқап, тиісті ұйымдарға хабар берген еді. Қазір онда кең көлемді археологиялық қазба жұмыстары жүріп жатыр. Зерттеушілер тарихи орынның ежелгі андронов мәдениеті кезеңіне жататынын дәлелдеді. Зираттың бірі таспен қоршалса, енді бірі құммен жабылған. Бірақ желмен ұшып, топырағы ашыла бастапты. Содан болар кейбір жәдігер қолды болған деген де күдік бар. Бүгінде қорымның нақты аумағы анықталып жатыр. Ғалымдар жерленген адамдардың сүйектеріне қатысты антропологиялық зерттеу жүргізбек.

Мейрам Дүйсенғали, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

– Алакөл мәдениетінің тайпалары деп айтамыз. Себебі ең алғашқы ескерткіш Алакөл деп аталатын жер маңынан табылғаннан кейін. Бұл енді орта қола ғасыры. Яғни осыдан екі мың, бір жарым мың жыл бұрыңғы ескерткіштер. Құмыралардың сынғаны бар, соны қалпына келтіру жұмыстары жүреді. Сосын ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ол ғылыми мақалаларға арқау болады. Сол кезеңдерін анықтау, қандай құралдар екені анықталғаннан кейін музейдің қорына тапсырылады.

Хабар 24 телеарнасы