429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдыкөлді құрғату туралы шешім экологтарды алаңдатады

  • 200
  • UPD: 11:11, 21.08.2020

Талдыкөлдің тағдыры Экология министрінің назарында.

Әкімдіктің көлді құрғату туралы шешімі экологтарды ғана емес, халықты да алаңдатқан. Сулы-батпақты алқапты кептіру, бүкіл экожүйеге зиян келтіруі мүмкін. Қазір мұнда Қызыл кітапқа енген жануарлар мен құстар мекендейді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- «Талдыкөлді сақтап қалайық» деп шырылдап жүрген жандар бұл. Елорда тұрғындары «тұмса табиғатқа зиян келмесін» дейді. Сол үшін құзырлы мекемелерге хат жазып, әлеуметтік желілерде мәселе көтеріп жүр.

Базарбай Дәнеғұлов, қала тұрғыны:

- Алланың берген көлін сақтау керек. Кейде қолмен жасайды осы көлді. Қолмен жасағанша, бұл Алланың берген дайын тұрған дүние ғой. Құрту дегенді көрдік қой, құрту оп-оңай, ал бірақ іске асыру өте қиын. Сондықтан ол үлкен шығын. Қолда барды қадірлей білген дұрыс деп ойлаймын.

Тұран даңғылындағы тұрғындар Кіші Талдыкөлдің құрдымға кететініне алаңдаулы. Себебі, әкімдік аумақты сулы-батпақты алқап деп тауып, оны кептіру туралы шешім қабылдаған. Бірақ халықпен ақылдаспапты. Бас жоспарға сай мұнда әлеуметтік нысандар бой көтеруі тиіс. Экологтар «көлді құрғату оң шешім емес», дейді. Олар экожүйені зақымдамай, орнына табиғи парк түзуді ұсынады.

Елдос Абақанов, Қазақстан экологиялық ұйымдар қауымдастығы басқарма төрағасының орынбасары:

- Кіші Талдыкөлде шынымен де қалыптасқан экожүйе бар. Одан бөлек, судың тереңдігі жеткілікті. Осындай аймақтар негізінде заңмен қорғалуы керек. Әлем бойынша егер осындай объектілер болса, онда бұл жерде табиғат бар. Яғни, біз табиғатты жоғалтқан жоқпыз. Осындай объектілер ағашқа қарағанда, 10-20 есе парник газдарды өзіне алады. Осының арқасында ауаны да тазартады.

Сулы-батпақты алқаптарды мемлекеттік деңгейде қорғау, әлемдік тәжірибеде бар. Бізде қалай? Қазір Талдыкөл аумағын 200 түрлі құс пен 5000-ға тарта жануар мекендейді екен. Өкінішке қарай, оларды көшіру басталып кеткен. Айтпақшы, табиғи парк Үлкен Талдыкөлде де салынуы керек-тін. Жоспарды жүзеге асыруға қаражат табылмай тұр.

Нұрлан Ұранхаев, қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы:

- Үлкен Талдыкөлдің аумағына табиғи парк салу жоспары бар. Мамандар «ол жерде 200 түрлі құс мекендейді» дейді. Олардың қатарында Қызыл кітапқа енгендері де бар. Біз сол жерде экожүйе құруды көздеп отырмыз. Дәл осындай жұмыстар Майбалық көлінде де жүзеге асады. Кіші Талдыкөл бойынша экологтардың дәлеліне қарай жұмыс істейміз. Егер көлді кептіру қоршаған ортаға зиян келтірсе, біз де жоспарды өзгертеміз. Тек дәлел керек.

Тұрғындар күн сайын көл бетіне құрылыс қалдықтары төгіліп жатқанын байқаған. Уақыт тығыз. Дереу шара қолданбаса, табиғи байлық көзден ғайып болуы ықтимал. Бірақ экологтар көлдің келешегі бар екенін айтады. Тіпті Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев те дауды қаперге алып, Талдыкөлді қайта зерттеу бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ермек Кеншімбек, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы