420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Декреттік төлемді толық алу үшін не істеу керек?

  • 153
  • UPD: 11:13, 21.08.2020

Карантин салдары әлеуметтік төлем жүйесінде де байқалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біздің арнамызға табысы дұрыс есептелмегеннен декреттік төлемін толық ала алмаған көрерменіміз хабарласты. Төтенше жағдайға байланысты енгізілген құжат рәсімдеудегі өзгерістер жүкті әйелдерді біраз әбігерге салған көрінеді.

Төтенше жағдайдан кейін декреттік төлемді толық ала алмай қиналғандардың бірі – Томирис Тлеубаева. Маусымның соңында кейіпкеріміз тиісті құжаттарын жинап, Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырған. Екі аптадан кейін оның шотына декреттік төлем түскен. Бірақ төлем ол күткен ақшадан әлдеқайда аз болып шықты. Себебі...

Томирис Тлеубаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Наурыздан бастап адамдар карантинге шықты. Көп компаниялар әлеуметтік төлемдерді төлеуден босатылды. Сол себепті мен декреттік төлемдерді толық ала алмадым. Ол ақпаратты табу менен өте көп уақытты алды. ГЦВП дегендер, ГФСС және ХҚКО ол төлемдерді қалай алу керек екенін толық түсіндіре алмайды.

Тиісті мекемелерден мардымды жауап ала алмаған Томирис әлеуметтік желі арқылы әрекет етуге кіріседі. Өз парақшасына мәселенің мән-жайын жазып, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сұрақты төтесінен қояды.

Томирис Тлеубаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Мен бұл мәселені «Фейсбуктағы» көптеген парақшаларға жаздым. Сол парақшалардан мені ГЦВП-ның жұмыскері өзі тауып, маған жазып, «сізге көмектесейін» деп, анықтамасын жіберіп, бәрін түсіндірді. Ол анықтамаларды жинап, ХҚКО-ға тапсырдым. ХҚКО-да да ол не анықтама екенін түсінбейді.

Осылайша, желідегі жазбаны жауапты орган қызметкерлері көріп, кейіпкеріміз толық декреттік төлемін алды. Бірақ бұл бір адамның мысалы. Төтенше жағдай кезінде салықтан босатылған мекемелерде істеп, декреттік төлемді толық алмағандар қаншама? Жалпы мұндай жағдайға тап болған нәзік жандылардың заңды құқығы қандай?

Гүлбағила Болатбекова, ҚР МӘСҚ АҚ Әлеуметпен байланыс департаментінің директоры:

- Осындай жағдайда ол кісілердің құқықтарын төмендетпеу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 109-бұйрығы бар. Ол 25 наурызда қабылданған. Сол бұйрыққа байланысты, осындай ретінде 0 коэффициенті қолданылған азаматтардың орташа айлығы, ол кісі осы төлемге жүгінген кезде өзімен бірге жұмыс орнынан анықтама алып келеді. Соңғы 12 айда қандай жалақы алғаны туралы.

Министрліктің бұйрығына сәйкес, әлеуметтік төлем жүрмеген үш айдың орнына өткен жылдың үш айының жалақысы есепке алынады. Босануына байланысты демалыс алатын әйелдер осыны ескеруі тиіс. Бірақ бұл тек 2020 жылдың наурыз, сәуір, мамыр айларында табысынан айырылған азаматшаларға қатысты.

Қаржыгер Дана Жарылғапованың айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жарлығы халыққа ашық түсіндірілмеген. Сол себепті кейбір жүкті әйелдер құжат дайындағанда қиындықтарға тап болады.

Дана Жарылғапова, қаржыгер:

- Жұмыс орны жалақы бойынша салық төлеуден 6 айға босатылса да, олар салықтар және төлемдер төлеуді талап етеді деп жазады. Бірақ Еңбек министрлігінің бұйрығы бойынша осы босатылған алты айға жұмыс орнынан берілетін жалақы туралы анықтама жеткілікті. Ал, халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкерлері, бұл алты айдағы кірісті нөлге теңеп, жалақы туралы анықтаманы қабылдамай жатыр.

Өз кезегінде Халыққа қызмет көрсету орталығының өкілдері әлеуметтік төлемдер бойынша ешқандай шағым түспегенін және декреттік төлемді рәсімдегенде ешқандай қиындықтар жоқ екенін алға тартады.

Темірхан Әміров, «Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы» орталық филиалы директорының орынбасары:

- Қазіргі зейнетақы алушылар мен әлеуметтік төлем алушылары сәуір айы мен қазан айындағы босатылған мекеме жұмыскерлері өздерің жұмыс орындарынан айлық табысы туралы құжат әкеліп өткізеді. Қазіргі таңда ол сұрақтар бойынша ақаулықтар жоқ.

Аталмыш анықтаманы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының сайтының «хабарландыру» деген бөлімінен алуға болады. Оны жұмыс беруші толтырады. Одан кейін анықтама өзге де құжаттармен бірге Халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырылады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Виктория Трегубова, Ермек Кеншімбек, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы