420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Германиядан гуманитарлық көмек жөнелткен азамат Қазақстанның оңтүстігінде туып өскен

  • 354
  • UPD: 21:50, 21.08.2020

Германия елінен гуманитарлық көмек келді. «Vogt Medical » компаниясы ауруханаларға қажетті медициналық құрал-жабдық жіберген. Ширек ғасыр бұрын ашылған ірі кәсіпорынның негізін қалаушы Михаел Фогт Оңтүстік Қазақстанда туып өскен екен. Туған жерге бүйрегі бұрып тұратын кәсіпкер осындай қысылтаяң кезеңде көмек қолын созуды жөн көрген.

Мына кадрда туған жерге арналған «сәлемдемені» дайындап жатыр.  Құны 100 000 еуродан асатын медициналық жабдықтарды буып-түйіп, көлікке тиейді. Қораптарда дәрігерлерге арналған қорғаныс құралдары бар. 1991 жылы ашылған компания 2005 жылдан бастап, Қазақстанмен әріптестік орнатқан. Жалпы кәсіпорын Америкадан бастап, әлемнің 70 еліне өнімін жеткізеді.

Михаел Фогт, «Vogt Medical» компаниясының бас директоры:

- Қазіргі таңда Қазақстанға біз шығаратын өнімдер өте қажет. Сондықтан маған осындай ой келді. Денсаулық сақтау министрлігі мен Германияның Франкфурт қаласындағы бас консулдықтың көмегімен осы жүкті жіберіп отырмыз. Шамамен 80 текше метр көлемінде медициналық жабдық бар. Өзім Қазақстанда туғандықтан ол елдің тағдырына алаңдаймын.   

Компания жіберген көмек елордаға жетіп, оны «СҚ–Фармация» қабылдап алды. Бір реттік медициналық қорғаныс жабдықтары инфекциялық және басқа да ауруханаларға таратылады.

Миржан Әбуов, «Vogt Medical» компаниясының Қазақстандағы өкілі:

- «Vogt Medical» компаниясының атынан осы пандемияға байланысты көмек келіп жетті. Шприцтер бар, перчаткалар бар, бүкіл ауруханаға керекті қазіргі ахуалға байланысты керек заттың бәрі ішінде жеткілікті. Бес тонна ішіндегі медикаменттер. 

Кәсіпорын Қазақстанмен әріптестікті одан әрі нығайтуға мүдделі. Қазір бірқатар жаңа жобаны іске асырып жатыр. Мысалы, цифрлық диагностика саласына қажетті радиологиялық рентген құрылғыларын жасай бастады. Сапа мен қауіпсіздікті бірінші кезекке қоятын компанияның өніміне сұраныс жоғары.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы