420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанайда жаңа болғанымен сапасыз салынған үйлер сыр берді

  • 137
  • UPD: 21:55, 21.08.2020

Қостанайлықтар жаңадан салынған үйлердің сапасына наразы. Ішкі әрлеу жұмыстары былай тұрсын жертөлелер суға толып, ондағы жағымсыз иіс қолқаны қабады.

«Юбилейный» ықшам ауданының тұрғындары тіпті жаңа баспананың төбесі опырылып түсе ме деп қауіптенеді. Арызданып бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Бірақ нәтижесіз.

Қисық қабырғалар мен еден, есіктер. Айта берсе жаңа үйдегі кем-кетік көп. Руф жанұясы осы екі бөлмелі пәтерде тұрады. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы несиеге алған. Енді 13 жыл бойы банкке ай сайын 70 мың теңге төлеп тұрады. 

Кристина Руф, қала тұрғыны:

- Баспана бізге тегін бұйырған жоқ. Әрине бағасы арзан. Бірақ ақшаға алғанда бірден жаңа пәтерге кірген дұрыс. Ал мына жағдайда оны жөндеп, қосымша шығындалуға мәжбүрміз.

Денис Руф, қала тұрғыны:

- Мердігердің жауапсыздығы бұл. Осындай үйлердің құрылысына қомақты қаржы бөлініп жатыр. Демек, ақша мақсатты жұмсалып жатқан жоқ.

Мынау жаңа үйдің төбесінен аққан су жертөлеге кетіп жатыр. Жоба бойынша солай екен. Ал қызмет көрсетуші компания бұл жағдайда қандай шара қолдану қажеттігін білмей дал. 

Ғалымжан Досмұханов, ТКШ қызмет көрсетуші компанияның директоры:

- Енді осының бәрін өз мойнымызға аламыз ба? Бұның шешімін қалай табамыз? Қараңыздаршы мына жерден де су ағып жатыр. Бәрін шала істеген. Салушы біз бәрін жобаға сәйкес атқардық дейді. 

Жертөле жаңбыр жауғанда ғана толмайды. Суды сорғымен  күнделікті тартып алуға мәжбүр. Себебі құдық бітеліп қалғандықтан көрші екі үйдің кәріз жүйесі осы жерге ағып жатыр. Сыртқы желілердің қожайыны әлі күнге белгісіз.        

Ғалымжан Досмұханов, ТКШ қызмет көрсетуші компанияның директоры:

- Оны тазалауға біреуді жүктей алмайсың. Біздің міндетіміз болмаса да өз күшімізбен құдықтан тақтай, тас сияқты неше түрлі заттар шығарамыз. Жертөледен күні бойы шықпаймыз. Су қайта-қайта толып кетеді.

Үйдің проблемасынан салалық ведомствадағылар хабардар. Ол жерге тұрғындардан ондаған шағым түскен. Мердігердің кемшілігін жою жұмыстары жүргізілгенімен еш нәтиже шықпаған көрінеді. 

Тамара Данильчук, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Осы нысанда құрылыс жүргізген мердігер ұйыммен соттасып жатырмыз. Сотпен оларға орындау қағазы берілді. Сәйкесінше оны жауапсыз қалдырса, онда басқа нысандардағы жұмыс кезінде оларда қиындықтар туындауы мүмкін. 

«Юбилейный» ықшам ауданында тұрғын үйлер құрылысы үш жыл бұрын басталған. Жоспар бойынша жалпы саны 47 көпқабатты баспана тұрғызылады. Оның жартысынан көбі мемлекеттік бағдарламамен салынады. Өкінішке қарай мұнда сапасыз үй құрылысы жиі болады. 2018 жылы екі ғимараттың қабырғалары сөгіліп, ақыр соңында бұзуға тура келді. Жобалаушы үш жылға бас бостандығынан айырылған. 

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы