424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Желідегі жүліктерден қалай қорғану керек

  • 232
  • UPD: 11:28, 22.08.2020

Қазір ел бойынша республикалық деңгейде киберқылмысқа қарсы шұғыл алдын алу шаралары өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, елде әлеуметтік желіні қармақ ретінде пайдаланатын алаяқтар азаяр емес. Қаскөйлер азаматтардың әлеуметтік желі парақшасын бұзып немесе олардың атынан жаңадан аккаунт ашып, интернеттегі достарынан қарызға ақша сұрауды әдетке айналдырған.

Гүлзат қазір өзінің әлеуметтік парақшасын жойып тастады. Өйткені осыдан бірнеше ай бұрын белгісіз біреулер желідегі аккаунтын бұзып, ондағы достарынан мессенджер арқылы шұғыл түрде қарызға ақша жіберуді өтінген. Абырой болғанда, құрбы-құрдастары сұраушының Гүлзат емес, алаяқ екенін бірден түсінген. Біріншіден өтініш-хабарлама түн ортасында және ресми тілде жіберілген. Екіншіден ақшаны төл теңгемен емес, өзге валютамен көрсеткен.

Гүлзат Хамидуллақызы, қала тұрғыны:

– Бұл кімнің ісі деп ойлайсыз? Хабарламада 3 мың рубль деп сұрағандықтан басқа мемлекеттің азаматтары деп ойлаймын. Бірақ осындай жағдайды басқа достарыма айтқан кезде олар ондай Қазақстанда болады деп айтты.

Дәл осындай жағдай Гүлзаттың досының да басынан өтті. Бірақ алаяқтар оның әлеуметтік парақшасын бұза алмай, бірқатар фотосуретін жүктеп аккаунтының көшірмесін жасапты. Кейін түпнұсқа парақшасындағы әр оқырманынан жаппай 1000-2000 теңгеден сұраған.

Мейірлан Аманжол, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Достарым және таныстарым менен «ақшаға мұқтаж болып жүрсің бе?» деп сұрады. Сөйтсем, белгісіз біреулер дәл менікіндей парақша ашып, желідегі достарымнан менің атымнан қарызға ақша сұрапты. Кейбір таныстарым алаяққа ақша жіберіп қойып, кейін менен талап етті.

Қызығы сол, қос кейіпкеріміз де полицияға шағымдануды жөн көрмепті. Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті мамандарының айтуынша, интернеттегі алаяқтықтың бұл түрі бас шаһарда да белең алған.

Саят Дүйсенбаев, қалалық ПД КПБ киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің аға жедел уәкілі:

– Осы факті бойынша елордада жыл басынан 7 күдікті ұсталды. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабының 2 бөлімінің 4 тармағы бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айырылды немесе ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 37-бабы бойынша күдікті мен жәбірленушінің арасында келісім болып, сондай шаралар қолданылды.

Жалпы, жыл басынан елордада интернет-алаяқтық бойынша 900-ден астам оқиға тіркелген. Оның ішінде 472 факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желімен қатар, хабарландыру сайттарында да ұрынып қалу оңай. Көп жағдайда сатушылар алдын ала төлемді электрондық әмиянға жіберуді сұрайды. Өзге адамдардың атынан жалған ұтыс ойындарын өткізу де көбейген. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ресми өкілі Максим Рожин анықталған алаяқтық пен жалған ақпарат туралы кез келген хабарды «СтопФейк» сайтына жолдауға болатыны жөнінде айтты.

Максим Рожин, ҚР АҚДМ ресми өкілі:

– Жалпы, ең басты нәрсені айту керек. Соңғы уақытта әлеуметтің жағдайына қарап, осындай әрекеттер көбейді, рас. Тіпті өздеріңіз білесіздер, фейсбукте Президент Қ.Тоқаевтың атынан да парақша ашып тастаған. Біз сондай фейк жаңалықтарды «СтопФейк.кз» сайтында жоққа шығарып отырмыз. Көп жағдайда біздің ішкі істер органдардағы әріптестерге жүгінеміз.

Мирлан Алтынбек, тілші:

– Жұмыс іздеген кезде де аса сақ болу қажет. Интернеттегі хабарландыруды көрген алаяқ өзін жұмыс беруші компанияның өкілімін деп таныстырады. Сосын мессенджер арқылы жұмыс іздеушінің жеке куәлігі мен банк картасының деректерін сұрап алады. Кейін алданған адам өз атына несие рәсімделгені туралы бір біледі. Сондықтан полиция қызметкерлері азаматтарды танымайтын адамдармен интернет арқылы ақпарат алмасудан және күдікті хабарламаларға жауап беруден аулақ болу туралы ескертеді.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ануарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы