426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында бірнеше спорт кешені бой көтеруде

  • 200
  • UPD: 15:44, 22.08.2020

Ақмола облысында биыл бірнеше спорт кешені жаңадан салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Аталған нысандар аудан орталықтарында бой көтереді. Ал 7 нысанға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Барлық жоба мемлекеттік бағдарламалардың аясында бюджет есебінен жүзеге асырылады. 

Бұл – Атбасар қаласында салынып жатқан спорт кешені. Ол негізінен қысқы хоккей корты ретінде бой көтергенімен, мұнда жазда да футбол ойнауға мүмкіндік қарастырылмақ. Сыйымдылығы 150 адамдық нысанның құрылысына 93 млн теңге қаржы бөлінген. Шілдеде басталған құрылыс, қыркүйек айының басында аяқталады. Биыл ондағы  стадион да ағымдағы жөндеуден өті. 

Әсел Өткербаева, Атбасар аудандық балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры:

– Жөндеу жұмыстары қазір толық аяқталды. Оған 29 млн теңге қаражат кетті. Біраз нәрсе жаңарып қалды. Бұрынғы ескі ағаш орындықтарды пластикке ауыстырдық. Жүгіру жолағы да жаңадан төселеді. Ескісінің тоз-тозы шыққан болатын. Бұл стадион негізі 1955 жылы салынған. Міне, содан бері жөндеу көрмеген екен.

Аршалы, Біржан сал, Ерейментау және Целиноград аудандарында да дене шынықтыру және сауықтыру кешендері салынуда. Оларда футбол, баскетбол, волейбол залдарынан бөлек, жаттығу және күрес залы мен бір емес екі бассейннен болады. Сала мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары келер жылы да жалғасады.

Қуаныш Қуатбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:

– Щучинск қаласында салынатын спорт сарайының жобалық-сметалық құжаттарына ақша бөлу жоспарланып отыр. Құжаттары реттелсе, құрылыс алдағы жылы басталады. Сондай-ақ, Есіл ауданында да дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді. 

«Осылайша алдағы жылдары барлық ауданды спорт нысандарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр», – дейді сала мамандары. Себебі тиісті инфрақұрылымды дамытпай, халықтың да бұқаралық спортқа бет бұруы неғайбыл. Жалпы, қазір жергілікті жұртшылықтың 30 процентке жуығы яғни, 219 мыңнан астам адам тұрақты түрде салауатты өмір салтын ұстанады.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

 

Хабар 24 телеарнасы