428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында 60 жастағы жаттықтырушы чемпиондарды тәрбиелеп жүр

  • 209
  • UPD: 15:46, 22.08.2020

Спорт – ұлттық идеяға айналуы тиіс. Павлодар облысының Железинка ауданында тұратын 60 жастағы жаттықтырушы  Евгений Кисляков қоғамға осындай ой тастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаңғы спортынан 44 жасында Кеңес Одағы және Қазақстан республикасының спорт шебері атанған ол талай баланың жұлдызын жақты. Жоғары дәрежелі  жаттықтырушы карантин режимі босаңсыған алғашқы күні-ақ шәкірттерін жинап, жаттығуларды бастап кетті.

Жас шаңғышылардың жарты жылға созылған карантиндік шектеулерден кейінгі алғашқы және  толыққанды жаттығуы бұл. Бұған дейін үш шаңғышыдан тұратын топ  жеке дайындықтан өткен еді. Жасөспірімдердің спорт  мектебінде Евгений Кисляковтың екі ұлы да қызмет етеді. Бүгін әкелі- балалы жаттықтырушылар шәкірттерінің дайындығын тексерді. Балалар шаңғы-роллерлік  трассаны сағынып қалғандай.

Евгений Кисляковтың мектебінен өткендердің бірі, Ирина Быкова. Спортшы қыз 2017 жылы Қысқы Универсиадада күміс жүлдені жеңіп алды. Бұл ауыл балаларын спортқа баулып жүрген жаттықтырушының ең үлкен жетістігі еді. Иринаның сіңлісі Еликанида Горобец те үздік нәтижелерімен мақтана алады. Небәрі 14 жасында спорт шеберлігіне үміткер болған қыз шаңғы жарысы бойынша  екі алтын, бір күміс және бір қола жүлдеге ие болған.  Еликаниданың спортқа келгеніне төрт-ақ  жыл. Ол Евгений Кисляковтың кіші ұлы Виктор Кисляковтың шәкірті.

Еликанида Горобец, спорт шеберлігіне кандидат:

– Біздің жаттықтырушыларымыз өз ісінің шебері. Олар балаларды спортқа дайындауды, қалай қолдау көрсетуді, керек кезінде  жұбатуды да жақсы біледі. Біз ұстаздарымызды  өте жақсы көреміз. Мен әпкемнің жеңістерін қайталағым келеді. Олимпиада ойындарына қатысып, бағымды сынап көрсем деймін. Бұл менің ең үлкен арманым.

Салауатты өмір салтын ұстанып,  спортты сүюді  Евгений Кисляков ұлдарының бойына ерте бастан сіңірген. Балалары оның жаттығуларын көріп өсті. Ал  жары спортқа кештеу келіпті. Соған қарамастан 46 жасында президенттік көпсайыстан спорт шебері атанған.

Виктор Кисляков, ҚР спорт шебері:

– Өзінің 60 жасында әкем жастарға дес бермейді. Ол жүгіру жолағына шыққанда бәрі жолда қалады. Мен әкемді үлгі тұтамын. Оның жеткен жетістіктерін мақтан етемін. Мен де 60 жасқа келгенде әкемдей болсам деймін.

Өмір бойы балаларды спортқа баулып келе жатқан ауыл  жаттықтырушысының өткен жылы ең үлкен арманы орындалды. Железинка ауданының орталығында спорт кешені пайда болды. Ең қызығы, спорт алаңы  Евгений Кисляковтың жобасы бойынша салынды. Жаттықтырушының барлық тілек-талабы ескерілді.

Евгений Кисляков, жоғары дәрежелі  жаттықтырушы:

– Менің арманым  орындалды. Айтайын дегенім, біздің ойын алаңымыз көп салалы. Бұл жерде волейбол, футбол алаңы бар. Кез келген жаттығуларды өткізуге болады. Ауыл адамдары  фитнес,  жеңіл атлетикамен айналысады. Жайлы да  жарық ғимарат. Жазда салқын, қыста жылы. Қай жағынан алсаңыз да көңілімізден шығатын спорт кешені  болды.   Электронды табло, желдеткіш құрылғылар орнатылған.

Пандемия кезінде Евгений Кисляков қол қусырып қарап отырмады. Жаттығулардың жаңа тәсілдерін ойлап тапты. Осының арқасында жаттығулар үздіксіз жүріп жатты.

Евгений Кисляков, жоғары дәрежелі  жаттықтырушы:

– Коронавирус бізді әбігерге салып қана қомай, денсаулықтың қадірін білуге үйретті. Біз одан қалай қорғанудың жолдарын іздеп кеттік. Осы ретте спортшылардың иммунитеті жоғары екеніне көзіміз жетті. Спортпен айналысатындардың көбі ауырған жоқ. Ал коронавирус пен  пневмонияға жұқтырғандар  ауруды жеңіп шықты. Менің ойымша, салауатты өмір салтын ұстанатын адамдар дағдарысқа ұшырамайды. Антибиотик  біздің басымызда, аяғымызда, қолымызда болуы керек.

Евгений Алексеевич спорттан басқа  омарташылықпен де айналысады. Алпыстан асқанда сергек жүруінің бір құпиясы осында жатқан сияқты.  Қазір ересектер арасында  шаңғы жарысы бойынша өтетін ел чемпионатына дайындық қызу жүріп жатыр. Республикалық сайыста Евгений Кисляковтың шәкірттері өнер көрсетеді.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы