420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбелік тәртіп сақшылары әлеуметтік желілерде белсенді бола бастады

  • 191
  • UPD: 18:39, 23.08.2020

Ақтөбелік учаскелік инспекторларды енді әлеуметтік желіден де табуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – тәртіп сақшыларының тұрғындармен тығыз байланысын қамту мақсатында қолға алынған тың жоба. Бүгінде жеке басы мен өз қызметін таныстырған полицейлердің бейнежазбалары танымал ғаламтор-ресурстарына жүктеліп жатыр. Оның тиімділігін қарапайым азаматтар да көре бастады.

Әзжәнібек Құлғарин қатардағы  учаскелік инспекторлардың бірі. Күн сайын әріптестерімен бірге жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысы көп және теміржол вокзалы кіретін әкімшілік аумағының қауіпсіздігін күзетеді. Өзін таныстырған бейнежазбасы желіге жүктелгелі жұмыстың қыза түскенін жасырмайды. Бірақ орын алған кез келген қылмысты ізі суымай ашу дерегі де көбейгенін айтады.

Әзжәнібек Құлғарин, учаскелік полиция инспекторы:

– Күніне «ватцап» желісінен немесе өз ұялы телефоныма өз әкімшілік аумағыма 5-6 тұрғын хабарласып, жеке сұрақтарын қояды. Отбасылық жанжал болып жатады, сол жөнінде шақырады. Құқықбұзушылық орын алса, шара қолданып жұмыс атқарамыз.

Әлеуметтік желілерде жарияланған тәртіп сақшыларын ғаламтор қолданушылар тез байқаған. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, қазір «102» нөмірінен өзге желі арқылы да шақыртулар түседі. Тұрғындар да бұл жаңашылдықтың тиімді екенін айтып жатыр.

Уәлихан Убишев, қала тұрғыны:

– «Инстаграмм», «полис Ақтөбе» арқылы хабарласамыз. Осы жерде мас адам жүрсе хабарласамыз, тез келеді. Жақын, айналады жүреді ғой. Бұлардың демалатын уақыты жоқ-ау деймін,  кез келген уақытта келеді.

Учаскелік инспекторлардың ғаламтор  арқылы да қызмет көрсетуге  былтырдан бастап көше бастаған.  Ел бойынша алғаш рет жүзеге асқан жоба аясында тәртіп сақшылары таспаға түсіріліп, кейін желілерге жүктелді. Нәтижесінде, тұрғындар өз инспекторларының кім екенін тануға мүмкіндік алды және оның жария еткен жеке телефон нөмері арқылы тәуліктің кез келген мезгілінде хабарласуға болатынын білді. Бұл бұрын полиция департаментіне халықтан түсетін көп сауалдың бірі болатын.

Қанат Әлиев, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары:

– Учаскелік инспектор мен халықтың байланысын нығайту үшін бейневизитка дайындап жатырмыз. Өзіміздің учаскелік инспекторлардың 50-ін видео визитка ретінде, ролик ретінде дайындап, өзіміздің полиция парақшасына ендіріп, сол жерде қала тұрғынына қол жетімді болуы үшін жасап қойдық. Біз қыркүйек айының бірінші онкүндігінде осыны бітіреміз деп өзімізге мақсат қойып отырмыз.

Бұл тың жоба әзірге қала бойынша іске асып жатыр. Бірақ келер айдың орта шеніне шейін облыстағы 300-ден астам учаскелік инспектордың бейнежазбалары әлеуметтік желілерде жарияланбақ.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы