426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашып жатқандар көп

  • 266
  • UPD: 21:46, 23.08.2020

Сыр өңірінде берекелі тірлікке бейіл азаматтар мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп бастап, жаңа мамандықтың иесі атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, бір ғана Жалағаш ауданында биыл мыңға жуық адам «Еңбек» бағдарламасының игілігін көрген. 

Медицина саласында 20 жылдай өтілі бар Ләззат Кәріпова заманауи үлгідегі клиниканы мемлекет қолдауы аясында ашқан. Яғни, «Еңбек» бағдарламасы арқылы 9 миллион теңге жеңілдетілген несие алып, медициналық нысанды заманауи құрылғылармен жабдықтады. Клиникада 2 жылдан бері «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» арқылы тұрғындарға тегін де қызмет көрсетіп келеді. Жылына 700-ге жуық науқас ақысыз ем қабылдайды.

Ләззат Кәріпова, медициналық клиниканың меңгерушісі:

– Проценті төмен кредит алып, жаңадан аппарат алдым. Сол аппаратпен жұмыс істеп жатқаныма 1,5 жыл болды. Қазіргі таңда біздің клиникамызда 6 адам жұмыспен қамтылып отыр.

Жұпар Жұматаева, зейнеткер:

– Өзімізге қолайлы. Өйткені осы маңайда жақын тұрамын. Сондықтан өзіме ем алуды өзіме дұрыс санадым. Кім қай жерде емделемін десе, қай емханада емделетіні өз еркі ғой. Сондықтан да өзімізге қолайлы емхананы таңдап, алып жатырмыз, еміне ризамыз.

«Еңбек» бағдарламасы арқылы кәсіп бастағандардың тағы бірі – 25 жастағы Ғалияш Жарасбаева.  Ол жұмыс іздеп әр есікті тоздырмай, отбасылық бизнесті дамытуға бел буыпты. Жеңілдетілген процентпен берілген 4 миллион теңге несиеге 8 бас түйе сатып алып, шұбат өндіруді жолға қойған.

Ғалияш Жарасбаева, кәсіпкер:

– Осы ата кәсіппен айналысып жатқанымызға 3 жыл болды. Күніне 3 мезгіл сауылады. Сүт молынан еріледі. Жастар жағынан осы шаруашылықты қолға алса деп ойлаймын.

Дастан Жарасбаев, Жалағаш ауданының тұрғыны:

– Атамыз қазақ айтады ғой, негізі жылқы сәндік екен де, түйе байлық дейді ғой. Сол сияқты бұл нағыз кедейдің малы. Ешқандай шығын жоқтың қасы ғой.

Ауданда биыл Ләззат пен Ғалияш секілді 43 адам шағын несиеге қол жеткізген. Оларға барлығы 190 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. 

Эльмира Құттымбетова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:

– Жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беруге 165 жобаға 84,8миллион теңге қаржы қаралды. Бүгінгі күнге 102 адам 55,4 млн теңге қаржы алып кәсіптерінің алғашқы қадамдарын бастады.

Жыл басынан бері аудан бойынша 1 мың 400-ден астам адам жұмыспен қамту орталығының қызметіне жүгінген. Олардың 68,2 проценті «Еңбек» бағдарламасына қатысқан. Бірқатары техникалық, кәсіптік білім алып, жаңа салаға бет бұрса, енді біршамасы бизнес идеяларын дамыту үшін жеңілдетілген процентпен берілетін несие мен мемлекеттік гранттарға қол жеткізіп отыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы