420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Карантин ерекше балалардың дамуын тежеп тұр

  • 133
  • UPD: 09:19, 24.08.2020

Карантин ерекше балалардың мүмкіндігін шектеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету орталықтарының жұмысы тоқтағанына жарты жылға жуықтаған. Бұл балалардың дамуын да тежеп тұр. Карантиндік шектеулер қашан алынады?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елордада 5000-нан аса ерекше күтім қажет ететін бала бар. Әсіресе, тірек-қимыл аппараты бұзылғандар мен аутизм, даун синдромына шалдыққандардың жайы алаңдатады. Ал, әлеуметтік қызмет көрсететін орталықтар жарты жылға жуықтады, карантинге байланысты жұмыс істемеді.

Тамара Борулько – ерекше баланың анасы. 10 жасар Артемға даун синдромы диагнозы қойылған. Уақытылы оңалту қызметін алып отырған ол санап, жазуды да меңгеріп алған болатын. Бірақ карантиндік шектеулер баланың дамуын кәдімгідей тежеді.

Тамара Борулько, қала тұрғыны:

- Карантин кезінде баламның дамуы кері кеткенін байқадым. Үйде болғанда өзімізше жаттығып, жұмыс істеуге тырысамыз, әрине. Бірақ маманның көмегіндей болмайды. Балам бір жерде тұрып қалғандай. Әрі қарай не істеу керектігін мен де білмеймін.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Бұл – жеке әлеуметтік-медициналық қызмет көрсететін орталықтардың бірі. Мұнда Артем сияқты даун синдромына шалдыққан 120 бала бар. Балғындарға музыка, ойын, сурет терапиясынан бөлек, дене шынықтыру құралдарының да көмегі зор. Алайда, жоспарлы оңалту қызметтерін ала алмай отырғаны көп. Қашықтан жұмыс істеу бұл салада тиімсіз.

Евгения Чеботаревская, «Солнечный мир» қорының президенті:

- Бала педагогпен жақсы таныс болса, қашықтан жұмыс істеу ыңғайлы болар. Бірақ бұл ерекше балалар ғой. Олар экранның ар жағындағы адамға ілесуді білмейді. Түсінбейді. Демек, нәтиже де болмайды. Сондықтан әзірге қызметімізды тоқтата тұрамыз деп шештік.

Бірақ ата-аналардың қалауы басқа. Олар балаларының оңалту қызметін уақытылы алғанына мүдделі.

Евгения Чеботаревская, «Солнечный мир» қорының президенті:

- Еліміздегі даун балаларға арналған жалғыз орталық болғасын, бізге өзге облыстардан келетіндер бар. Бұл мәселе өңірлерде оң шешімін тапқан жоқ. Мамандар жетіспейді. Сондықтан жұмысымызды бастауымыз керек. Қазір қаржы іздеп жатырмыз. Себебі, санитарлық талаптарға сай жабдықтарды алуға тиіспіз.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Бұл – «Шарапат» мемлекеттік әлеуметтік қызмет көрсету орталығы. Балаларсыз нысанның қаңырап тұрғаны рас. Бірақ мамандар олқылықтың орнын толтырып әлек. Ыңғайсыз болса да, қашықтан жұмыс істеуді қолға алған. 20 минуттық кешенді жаттығуларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желелірге жүктеп отырады.

Шолпан Батырова, «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының бөлім меңгерушісі:

- Бұрынғыдай барлығымыз балалармен, ата-аналармен тығыз жұмыс істегеніміз өте жақсы. Бұл енді бізге де ыңғайлы емес, өте қиын жұмыс істеген. Негізі бізге балаларды көріп, үйлеріне барып, олармен сөйлесіп жүргеніміз, сол жұмысымыз жақсы. Бұл карантин енді үлкен кедергі болып тұр барлығына.

Мамандар жағдайдың оңалатынынан үмітті. Айта кетейік, мұндай шектеулер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында ғана бар. Қалған өңірлерде әлеуметтік-медициналық қызмет көрсету орталықтары санитарлық дәрігерлердің рұқсатымен жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Наурыз Базаров, Арман Ақшабаев

 

Хабар 24 телеарнасы