421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысындағы Көксу бөгеті күрделі жөндеуден өтіп жатыр

  • 139
  • UPD: 16:25, 24.08.2020
Алматы облысындағы Көксу бөгеті күрделі жөндеуден өтіп жатыр

Алматы облысындағы Көксу су бөгеті қалпына келтіріліп, іргесі нығайтыла бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

1963 жылы салынған құрылыс бұған дейін бірде-бір рет жөндеу көрмеген екен. Салдарынан стратегиялық нысанның су өткізу деңгейі төмендеп кеткен. Мәселен, гидрологиялық бекет 20 мың гектардың орнына 17 мың гектар егістік алқапты тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп келген.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Көксу бөгеті шаруашылықтарға секундына 38 текше метр су беруі керек. Алайда, жерасты құбырының ескіруінен бұл көрсеткіш 30 текше метрге дейін төмендеген. 60 жылға жуық қалтқысыз қызмет еткен гидрологиялық бекеттің су өткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында мына жерден қосымша канал салынады.

Жаңа каналдың құрылысы күзде, яғни, егістік алқаптарға су беру тоқтатылғанда басталады. Ал, оған дейін мердігер мекеме өкілдері тоспаның жанындағы суағарды салып бітірмек. «Мамандарға арналған төрт үй мен басқару ғимаратын да пайдалануға берсек», деп отыр. 

Михаил Ступин, учаске басшысы:

- Қазір бөгеттің темірі механикалық қондырғылар арқылы көтеріліп жабылады. Жөндеу жұмыстары біткенде ол диспетчерлік пункт арқылы автоматты түрде басқарылатын болады. Одан бөлек, айналаны абаттандырып, жарықтандырамыз. Жолды кеңейтіп, асфальт төсейміз. Құрылыс осы жылдың соңына дейін аяқталады.

Бұл жұмыстарға 50 шақты адам жұмылдырылған. Алдағы уақытта олардың саны 100-ге жеткізіледі. Көксу бөгетімен қатар ауданда 300 шақырымнан асатын суару жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Егер қаржы бөлініп, жоба жүзеге асса, аймақтағы егістік алқап көлемі ұлғая түспек.

Нұрлан Қожағапанов, «Қазсушар» РМК Көксу өндірістік учаскесінің басшысы:

- Жоба жасалғанда 13840 гектар болатын. Ал енді өз күшімізбен, «Казводхоздың» күшімен 200-500 гектардан қосылып, 18 мың гектарға шейін жетті. Ал, енді «Ислам банк» жобасы жүзеге асатын болса, 27 мың гектарға дейін ұлғаятын еді жер.

Қазір Алматы облысындағы Ақсу, Ескелді, Көксу, Алакөл аудандарының суару жүйелері жаңартылып жатыр. Соның нәтижесінде келесі жылдың соңына дейін өңірдегі 35 мың гектардан аса жер егістік алқапқа айналады.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы