426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында күріш бітік шықты

  • 241
  • UPD: 00:05, 25.08.2020

Сыр өңірінде күріш пісті. Диқандар үшін биыл су жеткізу мәселесі де өзекті болғаны белгілі. Дегенмен кейінгі жалыдардағы тәжірибенің арқасында бұл сынақтан да өтіп, мол өнім жинаудан үміттеніп отыр.

Түсі маржандай жылтыр. Дәні ірі. Түйіп айтқанда тауарлық түрі барлық талаптарға сай. Ауа райына бейімделген. Бұл қызылордалық ғалымдар шығарған «Сыр сұлуы» сортына берілген баға.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл алқапта отандық ғалымдар ойлап тапқан «Сыр сұлуы» күріші бітік шыққан. Басқа сорттарға қарағанда 10-15 күн ерте піседі екен. Аймақтағы су тапшылығын ескерсек, алдағы уақытта барлық шаруашылықтардың кең көлемде егетін сұрыптарының бірі осы болмақ. 

Биыл отандық күріш сорты облыс бойынша 875 гектар жерге егілді. Келер жылы 17 мың гектарға жеткізу межеленген. Осылайша жыл сайын көлемін арттыра отырып, шетелдік бәсекелестерін ысыра бермек. 

Шаруалар биылғы қиын кезеңде жаңа технологиялардың көмегі көп тигенін айтады. Кейбірі топырақ, ауа, су, күн туралы деректерді цифрлық жүйе арқылы бақылап, егін процесін түзету, зиянкестермен күрес секілді қолайсыз жағдайлардың алдын алып отыр. Жер тегістеудің өзінде де жаңашылдықтар бар.

Дәулет Жұмбеков, шаруа қожалық төрағасы:

- Енді біз Көкшетаудан алдық спутниковый. Ол мехинизатор ештеңе істемейді. Манитор тұрады. Содан трактор айдай бересің. Кәдімгі көтеріп, түсіп өзі тегістей береді. Оның тиімділігі өте зор екен.

Биыл өңірде 184 мың гектар жерге түрлі дәнді-дақыл себілсе. Соның 90 мың гектарға жуығына күріш егілген. Талай жылғы тәжірибесі бар диқандар Сырдарияның суы сирақтан келген сәтте де күрішті күйдірмей, өткен жылғыдай өнім алуға бел буып отыр.

Сейілбек Нұрымбетов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Күріштің жағдайы жалпы 70 проценті жақсы, 24-25 проценті орташа, қалғаны орташадан төмен деп бағалап отырмыз. Сондықтан енді биылғы егілген егістен де өткен жылғыдан төмен емес өнім жинаймыз деп отырмыз.

Ең бастысы, ала жаздайғы еңбек еш кеткен жоқ. Ендігі меже  - ел ырысын шашпай-төкпей жинап алу.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы