420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодардағы нейрохирургия бөлімі 40 жыл бойы қалтқысыз қызмет етіп келеді

  • 152
  • UPD: 23:54, 24.08.2020

Павлодар қалалық №1 ауруханасының нейрохирургиялық қызметіне 40 жыл. Осы уақыт аралығында медицинаның бұл саласы қарыштап дамыды. Мамандар 15 мыңнан астам операция жасап, мыңдаған сырқат жанның өміріне араша болды. Бөлімнің жұмысы карантин кезінде де тоқтамады. Дәрігерлер шұғыл көмекке зәру науқастарға көмек көрсетті.

Рашид Дүйсембаев медицинаға келгеннен бері осы бөлімшеде мыңнан астам операция жасап, талай науқастың аяққа тұрып кетуіне сеп болған. Ғұмырын бұл салаға арнаған арда азаматқа алғыс айтатындар көп.  

Татьяна Смакотина, қала тұрғыны:

- Омыртқама зақым келіп, жүре алмай қалдым. Әбден әлсіреп қалдым. Ауруым асқына берді. Аураханаға түсіп, дәрігерлер қамқор болды. Бақытыма орай, бұл күндер артта қалды. Енді жүгіріп жүрмін. Нейрохирургия бөлімінің дәрігерлеріне алғыс айтамын. Мамандар болмаса күнімнің не боларын ойлауға да қорқамын. 

Павлодарлық нейрохирургтер елімізде алғашқылардың бірі болып омыртқаның барлық деңгейлеріне өз сүйегімен спондилодез операцияларын жасай бастады. 40 жыл ішінде нейрохирургия бөлімінде 16 мыңнан астам операция жасалған. Ал былтыр 600-ге жуығы сәтті өтті. Олардың 200-ге жуығы жоғары технологиялы. Бүгінгі жас ұжымның мақсаты да сол - шетелдік әріптестерінен қалыс қалмай, науқастарға сапалы қызмет көрсету.  

Шайзара Масуханова, науқас:

- Міне 73 жасымда, осындай кездесті, кәрілік те бар. Құлап қалып, омыртқамды сындырып алдым. Жүре алмай қалдым. Операция жасалып, бүгінде отыруға жарап, соған ризашылық білдіріп отырмын.  

Рашид Дүйсембаев отандық нейрохирургия саласының негізін қалаған азаматтардың бірі. 60 жастан асқан дәрігер бүгінгі қызметінен бір сәтке де ажырамаған. Ізін басқан жас мамандарға үлгі болып, бар білімін ортаға салып жүр.  

Рашид Дүйсембаев, денсаулық сақтау саласының ардагері:

- Бұрынғы әдістер мен бүгінгі технологиялардың айырмашылығы жер мен көктей. Озық технологияларды меңгеріп жатқан жайымыз бар. Диагностикалау да бір орында тұрмады. Бүгінде осындай аппараттардың көмегімен адамға зиян келтірмейміз. 

Денсаулық саласының ардагері атанған нейрохирург 40 жыл бұрын еңбек жолын неврологиялық ине мен балғадан бастадық дейді. Енді хирургтің жолын өзі қамқор болған жастар жалғастырып келеді.  

Самат Құсайынов, нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі:

- Аз инвазивті операциялардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Мақсатымыз - науқастарды емдеп, аяққа тез тұрып кетуіне атсалысу. Себебі олардың басым бөлігі еңбек жасындағы адамдар. Бірнеше жыл бұрын күрделі операциялар шетелде жасалған. Енді пациенттерімізге шетелге барудың қажеті жоқ. 

Алдағы уақытта бас миы мен жұлын жүйесін емдеуде нейронавигатор, нейромонитор және операциялық микроскоптың көмегімен жасалатын озық хирургиялық әдістер енгізілмек. Жыл сайын бұл бөлімнің көмегіне 1300-ге жуық тұрғын жүгінеді. 

Нұрлан Жұмажанов, қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері:

- Келесі жылы бас, ми, жұлындағы жүйке жүйесіне жасалатын операцияларды меңгермекпіз. Жоғары технологиялы апараттар  әкелінеді. Мақсатымызға жету үшін қолдау жеткілікті. Мамандарымыздың кәсіби тұрғыдан даму үшін алыс-жақын шетелде білім алуға мүмкіндік бар. Былтыр төрт дәрігеріміз тәжірибелерін молайтты. Шеберлік сабақтарын да өткізбекпіз.  

Нейрохирургия мамандары 15 операция түрін жасауға қауқарлы. Соңғы жылдары бірнеше инновациялық әдіс енгізілген. Қазір павлодарлық мамандар Омбы, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында еңбек етіп жүр.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы