420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


СҚО-да 100-ден астам білім беру ұйымы күрделі жөндеуден өтеді

  • 139
  • UPD: 09:48, 25.08.2020

Балабақшалар, мектептер мен колледждерде су мен кәріз жүйесін жаңарту, шатыр мен терезені ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың сапасын қоғам белсенділері бақылайды.

Қоғамдық тексеріс. Топ жетекшісі – Ғафура Бөстекова. Өзі директор. Мектептердің жайын жақсы біледі. Бүгін де құрылысшыларды сұрақтың астына алып, кеткен кемшіліктерді көздерінше бетке басты. 

Ғафура Бөстекова, «Nur Otan» партиясы СҚОФ жанындағы мониторингтік тобының жетекшісі:

– Шатырды ауыстырып отыр. Біз кемшіліктерін айтып шықтық. Оның сапасын және өртке қарсы жұмыстардың жасалмағанын айттық. 1, 2, 3 күннен кейін мектептерге біздің топ барады. Соны қалай ескергенін, жасағанын біз бақылаймыз.

Бақыламаса болмайды. Бюджеттен бөлінген ақша аз емес. Биыл білім беру ұйымдарына 5 млрд теңге бағытталды. Шалғай ауылдардың мектебі де жөнделіп жатыр. Ең бастысы дәретханалар ішке кіргізілді.

Владимир Ткаченко, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Облыс бойынша 52 мектептің дәретханасы далада орналасқан еді. Биыл бұл мәселе түбегейлі шешілді. Қазір Мағжан Жұмабаев ауданында ғана 6 мектеп қалды. Олар жаңа оқу жылына дейін дайын болады.

Биыл жаңа оқу жылы қашықтықтан басталады. Бұл кестеден кешігіп жатқан құрылысшылардың ыңғайына келіп тұр. Бүгінгі таңда 107 нысанның 49-ы ғана дайын болды.  

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы