429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қордайдағы апатты және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі шешіледі

  • 201
  • UPD: 09:51, 25.08.2020

Жамбыл облысы Қордай ауданында апатты және орын тапшылығы бар мектептердің мәселесі біржола шешіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бағытта ауданда үш білім ошағы салынып жатыр. Оның екеуін жаңа оқу жылында пайдалануға беру жоспарда бар. Ал Масаншы ауылындағы 630 орындық мектептің құрылысы келесі жылы бітеді. Құрылыс жалғасып жатыр.

Қордайда бір апатты, екі орын тапшылығы бар мектеп күн тәртібінен түспей келеді. Биыл Күнбатыс ауылында 150, Қалғұты елді мекенінде 180 орындық білім ошағының құрылысы басталған. Соның арқасында жергілікті жердегі мектеп проблемасы шешімін таппақ. Қазір Масаншыдағы білім нысанының құрылысы жүріп жатыр. 2021 жылы тамыз айында аяқталады.

Саят Қалдыбеков, құрылысшы:

– Бірінші қабатты бітіріп жатырмыз. Екінші блоктың нөлдік қабатын да аяқтап қалдық. Шамамен 20-25 процент құрылыс жұмыстары атқарылды.

Жаңа оқу жылында пандемияға байланысты аудандағы 48 мектептің биыл 34-і қашықтан оқыту әдісіне көшеді. Ал қалған 14 мектептің оқушылары дәстүрлі форматта білім алады.

Елдос Нұрәлиев, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Аухатты ауылы, Қарасай ауылы, Сұлутөр, Әлжан ана ауылдарындағы барлық мектепте күрделі жөндеу жұмысының аяқталуы 90 процент. Тек әрлеу, тазалау жұмыстары қалып отыр.

Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, барлық мектеп 100 процент кең жолақты интернет желісіне қосылған. Жауапты мамандар биыл оқу процесінде интернетке қатысты еш проблема болмайды деп сендіріп отыр. Оқулық мәселесі де толық шешілген көрінеді. Бүгінгі күнге дейін мектептерге тиесілі 3100-ден астам компьютер оқушыларға таратылды. Келер апта қосымша 3700 дана ноутбук пен планшет жеткізіледі.

Елдос Нұралиев, Қордай аудандық білім бөлімінің басшысы:

– Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары қарқынды жүруде. Баланың келуі жоспарланып отыр. Бүгінгі күнге барлық дайындық шаралары қабылданған. Тиісті санитарлық заттарымыз бар, компьютерлеріміздің барлығы сатып алынып жатыр.

Қордай ауданы жаңа оқу жылына 90 процент дайын. Қазір мектептерде әрлеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде. Құрылысшылар Білім күніне дейін үлгеру үшін жанталасып жатыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Тимур Сейілхан

Хабар 24 телеарнасы