424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында миллиондаған қаржыға жөнделген жаңа жолдар сүріліп жатыр

  • 247
  • UPD: 09:58, 25.08.2020

Оған себеп – мемлекеттен тапсырыс алған мердігер компания бірнеше елді мекенді байланыстырып жатқан жолды сапасыз, әрі жұқа етіп төсеп шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кемшіліктерді Ұлттық жол сапа орталығының мамандары және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінен құралған арнайы мониторингтік топ анықтады. Құрылыс нормаларын өрескел бұзған компанияның жұмысын комиссия дер кезінде тоқтатып, заңды талап қойды.

Сапасы талапқа сай болмай шыққан Отар-Сұлутөр-Көктөбе бағытындағы автожол. 14 шақырым жолды орташа жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік бюджеттен 302 миллион теңге қарастырылған. Алайда тендрді жеңіп алған компанияның жұмысы құрылыс нормаларына сәйкес келмейді. Оны Ұлттық жол сапа орталығының мамандары сынама алып, зертханалық сараптама арқылы дәлелдеп берді. 

Қадіржан Мырзаев, ұлттық жол активтері сапасы орталығының инженері:

– Тексердік. Асфальтті сараптамаға алдық. Өтпей қалды. Жабындыны, яғни 1,5 шақырымды толық алып тастау керек.

Сондай-ақ асфальт қалыңдығы да мәз емес. Жоба бойынша 5 сантиметр салынуы тиіс жерге 4-4,5 жарым сантиметр ғана төсеп жіберген. Жолды жөндеп беруді мойнына алған компания кеткен кемшілікті мойындап отыр. Ақау анықталған жол бөліктерін мынадай етіп ойып, асфальт салуға әзірлеп те қойған. Алайда комиссия мүшелерінің істелген жұмысқа көңілі толмады. Олар сапасыз салынған жолды түгел сүріп, жаңадан салуды талап етуде. 

Назима Дәрменқызы, Жамбыл адалдық алаңының жетекшісі:

– Жамап тастау әрекеттері болуы мүмкін. Ықтимал. Біз енді толық айта алмаймыз. Қазір барлығын қарағанан кейін бірлесіп, алдағы уақытта осы жолдың барлығын алып тастап, түгел қайтадан салынуын қадағалайтын боламыз.

Енді мердігер 1,5 шақырымдай жолды сүріп, жолды қайта салуы тиіс. Мемлекеттік тапсырысты жүйелі орындамаған жағдайда жоба қабылданбайды.

Ержан Мұғалов, мердігер компанияның директоры:

– Жолды сапалы салу үшін не кедергі болды? Әкелген асфальтіміз сапалы болмағандықтан. Енді әрі қарай не істейсіздер? Енді осы тапсырушылардың айтқанын тапсырмаларының бәрін орындаймыз.

Досжан Жантелеев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы:

– Ақауы бар жерлерді шамасына қарай, көлеміне қарай алған. Бірақ оны біз қолдап отырған жоқпыз. Мұның барлығы тек мердігердің өзінің қаражатынан болады. Ешқандай жұмыс қабылданған жоқ. Құрылыс барысы әлі біткен жоқ. Сондықтан құрылыс барысында анықталған осындай ақаулардың барлығы мердігердің өзінің тарапынан қаражат есебінен жөнделеді.

Жамбыл облысында биыл жол құрылысына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бір ғана Қордай ауданында 350 шақырым жол жөнделіп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, жолға қатысты 109 рет тексеру жүргізіліп, 300-ден астам сынама алынған. Нәтижесінде 25 кемшілік анықталып отыр. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы