421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мақтааралдық оқушыларға 110 планшет сыйға тартылды

  • 213
  • UPD: 16:35, 25.08.2020

«Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры мақтааралдық бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

«Біз біргеміз» акциясы аясында балаларға 110 планшет берілді. Қор қайырымдылық іс-шараларына үнемі қатысып тұрады. Бұған дейін ауруханаларға 100 оттегі концентраторын жеткізген болатын.

Мақтааралдықтардың басына түскен ауыртпашылықты бүкіл ел болып еңсеріп, жұрт болып көтерді. Қайырымдылық шараларынан қоғамдық ұйымдар да тыс қалған жоқ. Олардың қатарында «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры да бар. Қор Елбасының бастамасымен құрылған «Біз біргеміз» акциясы аясында су тасқынынан зардап шеккен, көпбалалы және аз қамтылған отбасыннан шыққан бүлдіршіндерге 110 планшет сыйлады.

Ақниет Тұралиева, 5 сынып оқушысы:

– Мен Нұр-Сұлтаннан келген ағаларыма үлкен рақмет айтамын. Осындай планшет сыйлап жатқанына. Біз күзден бастап онлайн оқимыз. Соған өте керек зат.

Эльмира Бекболаева, ауыл тұрғыны:

– Өте керекті зат, әсіресе көпбалалы аналарға. Ертең қыркүйекте қашықтықтан оқитын болса, өте қажетті зат. Сол үшін жәрдем беріп жатқандарына рақмет.

Халықаралық қоғамдық қор ұйымдастырған игі іске «Білім-Инновация» лицейінде оқитын балалардың ата-аналары, түлектері мен жанашыр жандар мұрындық болған. Олар 4,5 млн теңге көлемінде қаражат жинап, мақтааралдық балғындарға қолұшын созды

Нұрбол Төлебаев, «Білім-Инновация» ХҚҚ президентінің орынбасары:

– Біз енді біліммен айналысатын болғандықтан, білім қоры болғандықтан, осы Мақтааралдағы жастардың білім алуына жарамды заттарды әкелу дұрыс деп шешіп, биыл мына пандемияға байланысты білім жүйесінің барлығы қашықтықтан оқуға өтіп жатқандықтан, бұл планшет қазір көптеген оқушыға ауадай қажет деп ойлап әкеліп отырмыз. Осы жастардың арасынан келешекте Қазақстанға қызмет ететін жақсы азаматтар шығарды деген ниеттеміз.

Электронды құрылғылар қашықтан оқыту кезінде балаларға үлкен көмек болмақ. Ал бүлдіршіндер алғыстарын әсем әнмен жеткізді.

Авторлары: Жандос жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы