426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында 29 елді мекенге сапалы ауыз су тартылады

  • 185
  • UPD: 16:38, 25.08.2020

Тозығы жеткен су тарту желілері мен құбырлар да жаңартылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Барлық жобаны жүзеге асыруға 15 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Өңірдегі Жангелдин ауданындағы үш ауыл жыл соңына дейін орталықтандырылған су желісіне қосылады деп жоспарланған.

Биыл су келеді деп қуанған Қадыржан Бөрібаев үйіне жуынатын бөлме салғызып жатыр. Екі немересі құрылыстың басы-қасында жүр. Ауыз су тартылса енді бақша егіп, мал бордақылау жеңілдейтін болды дейді ақсақал.   

Қадыржан Бөрібаев, Ақкөл ауылының тұрғыны:

– Судың келуіне байланысты үйім қайта жөнделіп жатыр. Біздің үй соған дайындық жасауда.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Ақкөл ауылында 500 адам тұрады. Кезінде халық суды Жыланшық өзенінен тасып ішетін. Биыл сол жүйе орталықтандырылып, елді мекен тәулік бойы ағатын таза ауыз сумен қамтылады. 

Балғабай Қалиев, Ақкөл ауылының әкімі:

– 2008 жылдан бастап ауылға 6 шақырымнан су тартылып, ол құр тазартады, тұщытады. Бір жерден ғана алып келгенбіз тасып. Әркім өз ыдысымен келіп алып кететін.

Ауылдағы 80 үйге су кіргізілмек. Қазір жұмыстың 30 проценті атқарылды. Белгіленген құрылыс желтоқсан айына дейін аяқталуы тиіс.

Әділбек Иманғалиев, Жангелдин аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Ақкөл ауылына 332 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда 5 шақырым ауылішілік су құбыры тартылып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл маңда резервуар 200 кубтан екеу. Жаңадан су мұнарасы, сорғылар, су тазарту станциялары салынады.

Ақкөлден бөлек, биыл Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы және Көлқамыс ауылдары ауыз сумен қамтылады. Ал келер жылы Қаламқарасу мен Сарысуға тіршілік нәрі жеткізіледі.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы