424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


2021 жылы әлеуметтік саланы дамытуға 7 трлн теңге бөлінеді

  • 227
  • UPD: 18:38, 25.08.2020

Елімізде зейнетақы өседі. Үкімет «жәрдемақыны да аямай береміз», дейді.

Келесі жылы әлеуметтік саланы дамытуға мықтап көңіл бөлгелі жатыр. Ол үшін 7 трлн теңгені сарп етуге дайын екен. Сонда осынша қаражаттықайда жұмсайды?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Ел сабырын сарқып ішуге шақ қалды. Бұра тартса, бұлқынып кетуге дайын отыр. Карантин кезінде көп адам жұмыстан босады. Табыстан қағылды. Бақыр таппай, тақыр қалғандары да бар. Солардың мүшкіл хәлі билікке жетсе керек, Үкімет қозғала бастады. «Келесі жылы әлеуметтік саланы дамытуға 7 трлн теңге бөлеміз», дейді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Әлеуметтік салаға 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 454 млрд теңгеге өсіммен 7 трлн теңге жоспарланды. Жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентін ұлғайтуға келесі жылға қосымша 265 млрд теңге көзделді. Сондай-ақ мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақыларын көтеру жолы мен олардың мәртебесін арттыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру бойынша барлық іс-шаралар жоспарланған.

«Зейнетақы өседі, жәрдемақы көбейеді», деді. Бірақ қанша процентке артатынын бәлкім өздері де білмейді. Әйтпесе, айтар еді ғой. Кейбір деректе 7%-ке көбейеді делінген. «Әйтеуір, жастарға арнап үй саламыз, шұқыр жолды жамап береміз, елді газбен, ауыз сумен қамтимыз, босып жүргендерді жұмысқа орналастырамыз» дегені көңілге жақты. Осының бәрі енді бос сөз болып жүрмесін.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, нәтижелі жұмыспен қамтуға, сонымен қатар ұлттық экономиканы тұрақты және сапалы дамытуға бағытталған.

Жеті триллион теңгені жоғарғыдағылар жерден тауып алған жоқ. Бір бөлігін бюджеттен алады, қалғанын «Ұлттық қордан қосамыз» деп отыр. Ал, Ұлттық қордан ақша алмасқа тағы болмайды. Өйткені бюджеттің бір бүйірі онсыз да босап қалды емес пе?! Қазір кірістен гөрі, шығыс көп. Үкіметтегілер «қазынаны қайтып қайта толытармыз», деп бас қатырып жатыр. Әрине, мұнайды сатады. Негізгі табыс әлі де сол қара алтыннан келіп жатқан жоқ па!? Сосын салыққа үміт артатын шығар.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:

- Республикалық бюджеттің кірістері 2021 жылы 6,9 трлн теңгені, 2022 жылы 8,6 трлн теңгені, 2023 жылы 9,2 трлн теңгені құрайды. Ұлғаю негізінен корпоративтік табыс салығы, қосылған құн салығы және шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша күтілуде.

«Келесі жылы 86 млн тонна қара алтын өндіреміз» деп отыр. Бір баррелі кемінде 45 доллардан сатылады. Үкіметтегілердің болжамы осы. Бірақ бір ғана мұнайға сеніп отыра беруге тағы болмайды. «Сондықтан қамбаны қампайтайық» деді. Қазірдің өзінде шаруалар қызу жұмысқа кірісіп кеткенге ұқсайды.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

- Елімізде егін жинау жұмыстары уақытылы басталды. Қарқыны өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Бүгінгі таңда республика бойынша 3,3 млн га дәнді және бұршақты дақылдардың немесе олардың жалпы жиналатын алаңының 21,2%-і жиналды. Өткен жылы осындай кезеңде 2,1 млн га немесе 14%-і жиналған болатын. Орташа өнімділік гектарына 13,5 центнерді құрап, 4,5 млн тонна астық бастырылды.

«Шаруалар ширақ қимылдасын деп техника бөлдік», дейді. Жанармайды да арзан бағада сатқан. Күн райы күрт бұзылып кетпесе, 18 млн тоннаға жуық астық жинауға болады. Өзіңе де жетеді, өзгеге де саудалайсың. Сондықтан Премьер-министр астықты аймақ басшыларына: «күзгі жиын-терімге сақ қараңдар», деп отыр.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-министрі:

- Үкімет тарапынан егін жинау жұмыстарын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды. Жалпы алғанда, қабылданған шаралардың есебінен осы жылы астықтың болжамды жалпы жиналымы 18 млн тонна деңгейінде (2019 жылға қарағанда 3,4% өсім) жоспарланып отыр. Қазақстан өзін астықпен толық қамтамасыз етеді. Экспорт әлеуеті де жақсы болады.

Сонымен, келесі жылы ел кірісі 7 трлн теңгеге жетеді. Бірақ шығын бұдан екі есеге көп болады. Жалпы ішкі өнім көрсеткіші 2,8% шамасында болады. Ал инфляция 4-6% арасында құбылмақ. Үкіметтегілердің болжамы осы. Олар алдағы 3 жылға арналған бюджетті бір пысықтап алды. Маңызды құжатты енді Парламенттің қарауына береді.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы