424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Хабар 24» тілшісі 50 жыл өмірін шахтаға арнаған ардагермен тілдесті

  • 117
  • UPD: 23:20, 25.08.2020

Тамыздың соңғы жексенбісінде еліміздің шахтерлары өзінің кәсіби мерекесін атап өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда, биылғы мейрам ерекше. Карантин режимінің талаптарына сай дәстүрлі кездесулер болмайды. Құттықтаулар онлайн форматта өтеді. Осы орайда арна тілшісі Дариға Ташенова Қазақстанның құрметті шахтері Мейрам Ақжановпен кездесіп, жер астындағы жұмыстың қыр-сырын біліп қайтты.

Мейрам Ақжанов өмірінің басым бөлігін шахтада өткізді. Қызметін қарапайым жұмысшыдан бастаған азамат шахта директорының орынбасары дәрежесіне дейін көтерілді. 50 жылын жер астында өткізген Мейрам Ақжанов бүгінде «Құрметті шахтер», «Еңбек ардагері». Ол жұмыстың жеңіл болмағанын айтады. Жарақаттанған кездері де аз емес. Дегенмен, осы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.

Мейрам Ақжанов, шахтер:

- Үстінен құлады ғой мына каскаға, баста әлі бүршік қалған. Омыртқам, бұғанам бәрі мына жаққа шығып кеткен. Сүйектерім бұралып кеткен. Алып кетті мені. Жақсы хирург болған. Сол кісі гипс салып, үйге жіберген. Орап, орап тастаған мені. Гипсты алды. Қолым көтерілмеді. Алты ай жүрдім.

Карантин режимі енгізілгендіктен, Шахтерлар күні бұрынғыдай атап өтілмейді. Бірақ әкімдік өкілдері әр ардагерді үйіне барып құттықтайды. Биыл 50 адам мемлекеттік наградаға ұсынылған. Шахтаның өз басында да жаңашылдық көп. Бір айта кетерлігі, осы жылы қарағандылық шахтерлар жаңа техникалармен жарақталып жатыр.

Андрей Черномаз, Көмір департаментінің директоры:

- Бізге барлық қажетті техника жеткізілді. Біз оны бұрыннан күтіп жүр едік. Жартысы былтыр келуі керек еді. Енді біздің шахтерлар барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Саланы қолдан келгенше цифрландырып жатырмыз.

Айта кетейік, биыл көмірлі аймақтағы 3 шахта өз нормасын мерзімінен ерте орындады. Ең бастысы, өңірде ауыр жарақат алу деректері тіркелмеген.

Авторлары: Дариға Ташенова, Юлана Чаус, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы