420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысындағы 14 ауыл кең жолақты интернетке қосылды

  • 281
  • UPD: 23:15, 25.08.2020

Қызылорда облысында талшықты-оптикалық байланыс желісінің құрылысы аяқталып, 14 ауылдық елді мекен кең жолақты интернетке қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Карантин кезінде көп қызмет түрі онлайн форматқа ауысқаны белгілі. Ал, шалғайдағы жұрттың тұрмысы қаншалықты жеңілдеді?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Жиделіарық ауылының тұрғыны Бапашова Бибінұр төрт бала тәрбиелеп отыр. Оның үшеуі оқушы. Биыл олар қашықтан оқиды. Ауылға интернет жеткенмен, үйлерге кірген жоқ.

Бибінұр Бапашова, ауыл тұрғыны:

- Енді қыркүйекте дайынбыз. Жаңа оқу жылында қиын жағдайлар тумайды деп есептеймін. Өйткені ұялы байланыс телефондары арқылы біз оқып жатырмыз.

Дегенмен, Жиделіарықтағы мемлекеттік 4 мекеме кең жолақты интернетке қосылған. Тұрғындар қазір аудан орталығына сабылмай, құжаттамалық жұмыстарын ауыл әкімдігіне келіп бірыңғайлап жүр.

Алтынкүл Тойманова, Жиделіарық ауылының тұрғыны:

- Бұған дейін керекті құжаттарымызды 30 шақырым жерден, қашық жерден алатынбыз. Қазір ауылдан аламыз. Біз үшін осындай шалғай ауылдарға интернеттің келгені өте қолайлы болып тұр.

Ерлан Әбілдашев, Жиделіарық ауылының әкімі:

- Енді қалған тұрғындарға да алдағы жылы үйді-үйіне қазып, кіргізіп береміз деп отыр. Бәрі өтініш берді, 60 шақты тұрғын қазір өтініш беріп отыр.

Өңірде карантинге, күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы кестеден жаңылған жоқ. 14 ауылға 206 шақырым осындай желі тартылып, 52 мемлекеттік мекеме жылдамдығы жоғары интернетке қосылды. Айтулы жобаның арқасында мұғалім, дәрігер, мемлекеттік қызметшілер электронды қызметтерді кедергісіз қолдану мүмкіндігіне ие болды.

Айта кетейік, талшықты-оптикалық байланыс желісі тұрғын саны 250-ден астатын елді мекендерге тартылатын болады. Сондай-ақ бүгінде ауылдық жерлерде 3G/4G мобильді желілерін қамту жұмыстары жүріп жатыр.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы