420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде электр қуаты жиі өшіріле бастады

  • 159
  • UPD: 23:49, 25.08.2020

Өскеменде жарық жиі сөнеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, 19-ықшамауданның тұрғындары әбден мезі болғандарын айтады. Бірақ бұл іске нақты кімнің жауапты екені белгісіз.

Олармен кездесуге келген энергетиктер де, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мен Құрылыс бөлімінің мамандары да мәселені қалай шешуді білмейді. Тек біріне- бірі сілтейді.

19-ықшамауданның тұрғындары әрбір күндерін электр энергиясына алаңдаумен бастайды екен. Осылай жүргендеріне биыл он жыл болыпты. Биылғы жазда бұл мәселе тіпті күрделенді. Кез келген уақытта электр қуаты өшіп, тұрғындар әбігерге түседі. Осы сұрақ бойынша аудан жұрты өз наразылықтарын білдірді. Алайда, келген мамандардан тұщымды жауап алу мүмкін емес. Мәселен, энергетиктер мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы электр желісі кімге тиесілі екенін өзара түсінісе алмай дал.

Осылайша, бұл маңда құрылыс көп жүріп жатқандықтан, желілердің үзілуіне сол жұмысты жүргізушілер кінәлі екен. Алайда, қалалық құрылыс бөлімі болса, «құрылыс нысандарына тапсырыс беретін тек біз ғана емес» деп ақталды.

Мерей Әкімжанов, қалалық құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

- Қалалық құрылыс бөлімі болғасын,біздің нысандар бар және бізден де бөлек тапсырыс берушілер бар. Ақырғы сілтеулер енді Құрылыс бөліміне қатысы жоқ деп есептеймін.

Ал, энергетикалық компания болса, жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін бізден рұқсат сұраған жан болмады, әркім келіп, жерді қазып жатыр. Салдары осы дейді.

Ирина Глебина, «ШҚ АЭК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

- Бұл желілер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығынң қарамағында. Сондықтан ең басты сауал соларға қойылу керек. Жалпы жүргізіліп жатқан жұмыстарға біздің тарапымыздан ешқандай рұқсат берілген жоқ. Сондықтан ақаулар болып жатыр. Біз тек ақауды қалыпқа келтірумен айналысып жүрміз. Ал, бір ақау болған жерді жөндеу үшін бір аумақты электр жарығынан толық ажыратуға тура келеді. Сәйкесінше, көп тұтынушылар электр қуатынынсыз қалады.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да құрылыс жүргізіп жатқан компаниялардың жауапсыздығын растап отыр. Алайда, оларды тәртіпке шақыратын құзыры жоқ.

Нұржан Жапбаров, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары:

- Жер қазу жұмыстары ешбір келісімсіз іске асырылып жатыр. Бұрын біздің бөлімде ордер беру құзыреті болған. Оны алмай ешбір мекеме немесе жеке тұлға жерді қазып, құрылыс жүргізе алмайтын еді. Кейіннен «әкімшілік кедергі» деген себеппен, ордер беру құзыретін алып тастады. Сондықтан біз желіні үзген мердігерлерді, жауапкершілікке тартып, айыппұл сала алмаймыз.

Сөйтіп, тұрғындар ұшы-қиыры жоқ даудың ортасынан нақты жауап таппады. Аяқ асты ажыраған электр қуаты салдарынан істен шыққан тұрмыстық техникаларының өтемін де кімнен сұрарын білмейді.

Гүлзия Ахмадиева, үй тұрғыны:

- Мен өзім үш баламен үйде отырған анамын, 6-қабатта тұрамын, лифтпен жүреміз, күніне кейде 2 реттен өшіріп тастайды. Әрдайым жауап –бір жерде апат болды дейді. Қай жерде, қандай апат екені түсініксіз.

Пәтер иелігі кооперативі де бұл мәселені шешуге қауқарсыз. Білдей әкімдік өкілдерінің шамасы жетпей жатқанда бұл түсінікті де. Сондықтан тек ашынған жұртты тыныштандыратын «психолог» болып кеткенге ұқсайды.

Айнұр Мамырбаева, Жеке пәтер иелігі кооперативінің төрайымы:

- Бір сағат ішінде 300, тіпті 300-ден де көп адам хабарласады, менің кішкене балам бар,сәбиім бар, біреулері «қонақ шақырып қойып едім, қашан береді, тамағым піспей қалды», дейді. Солардың бәріне мен писхолог ретінде тыныштандыруым керек. Қазір береді, он минутттан соң береді, шыдай тұрыңыздар деп.

Сонымен әкімдік мамандары жиналғандарға істен шыққан тұрмыстық электр техникаларының өтемін алу үшін арнайы комиссия құрып, «сотқа шағымданыңыздар» деп кеңес берді. Бірақ нақты кімнің үстінен шағымдану керектігін айтпады. Жыл басынан бері облыста жалпы 1200-ден астам апаттық ажыратулар болған. Айта кетейік, электр желісіне байланысты мәселе ушығып тұрған осы сәтте өлкеде жаңа оқу жылында 110 мыңға жуық оқушы қашықтан білім алуға әзірленуде.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы