424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе короновирустың кезекті толқынына дайындалып жатыр

  • 179
  • UPD: 23:51, 25.08.2020

Инфекциялық аурулар диспансерінің ғимараты жөнделіп, қажетті дәрі-дәрмек қоры жасақталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қосымша медициналық құрылғылар сатып алынуда. Ал, жұқпалы ауруларды қабылдайтын стационарда 25 адамға шақталған жаңа реанимация бөлімі дайын тұр.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Науқастарды қабылдайтын аурухананың бұл ғимаратында енді тек халі мүшкіл күйде түскендер емделетін болды. Күрделі жөндеуден кейін реанимация бөлімі осында көшірілген. Бір мезетте 25 жанды қабылдауға қауқарлы. Тиісті медициналық құралдармен жабдықталып, оттегі желісі құбыр арқылы әрбір кереуетке жеткізілді.

Майра Нұрғалиева, бас дәрігердің орынбасары:

- Бұған дейін оттегі баллондарын әрбір науқастың қасына тасып жүруге тура келетін. Енді орталық оттегі жүйесі арқылы қамтамасыз етілетін болды. Бұл өте ыңғайлы. Қажет болған жағдайда кереуеттердің қасындағы мынадай құрылғылар арқылы қосыламыз.

Инфекциялық аурухананың негізгі ғимараты да қайта жөнделуде. Науқастар болса, уақытша басқа медициналық мекемелерге жайғастырылған.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Соңғы рет бұл ғимаратта жөндеу жұмыстары 2016 жылы жүргізілген. Ол кезде тек қасбетін ғана ретке келтіріп қойыпты. Бұл жолы құрылысшылар күрделі жөндеуге кіріскені байқалып тұр. Яғни, еденін жаңартып және де барлық ғимараттың қабырғаларын ретке келтіреді. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін тәмәмдалуы тиіс.

Короновирус инфекциясын жұқтырған жандар бұл жерде наурыз айының 22-інен бастап емделді. Аурухананың мамандары қатерлі дертке қарсы тұруға біраз машықтанған. Сондықтан қажетті дәрі-дәрмек қорын осы бастан жасақтап, «сақадай-саймыз» деп отыр. Бұдан бөлек, өңірдегі тағы 6 медициналық мекемеде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қосымша медициналық құрал-жабдықтар орнатылуда.

Самат Данияров, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Реанимациялық керуеттерді оттегімен қамтамассыз ету мақсатында 3 ауруханаға автономды оттегімен қамтамассыз ету кішкентай станциясы салынды. Ал, облыстық фтизио-пульмонологиялық орталығында үлкен, дербес оттегі өндіретін қондырғыны орнатуға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, бүгінгі таңда конкурс құжаттары әзірлену үстінде.

Қазір облыс төңірегінде қатерлі дертті жұқтырған жандардың 93%-і ауруынан айығып кеткен. Дәрігерлер індеттің беті қайтқандығын айтады. Дегенмен, бейқамдық танытуға әлі де болса ерте. Сондықтан санитарлық тазалықты әрдайым есте сақтаған жөн.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы